
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан, халыққа адал қызмет көрсетіп жүрген ақ халаттылар мен ардагерлерді марапаттады.
Мерекелік жиында облыс әкімі мемлекеттік және жеке медициналық мекемелерде қызмет атқаратын дәрігерлерге Алғыс хаттарын табыс етті. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін ардагерлер мен сала қызметкерлеріне тапсырды. Іс-шара барысында 10 адам «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталса, 8 медицина қызметкері «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағына ие болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс басшысы Атырауда дәрігерлерге жағдай жасау, медициналық нысандар санын арттыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Өткен жылы 557 маман тағылымдамадан өтіп, ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы, University Medical Center және Германия клиникаларында білімдерін жетілдірген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын жақсарту және халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бұл міндетті орындау – баршамыздың ортақ парызымыз. Дәрігерлердің еңбегі ерекше – олар өздерін бірінші орынға қоймай, басқалардың жағдайын ойлап, кез келген жағдайда қызмет етеді. Сондықтан сіздер – адамзат үшін аса маңызды мамандықтың иесісіздер. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді С.Шәпкенов.
Облыс әкімінің айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда былтыр ана өлімі 45%-ға, сәби өлімі 23%-ға азайған. Дәрігер тапшылығын шешу үшін бірреттік үстемақы енгізіліп, былтыр 159 маман 5-10 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алған. Оның 41-і ауыл және аудан орталықтарында еңбек етуде. Тұрғын үй бағдарламасы бойынша 43 дәрігер несие алып, баспаналы болса, 2024 жылы 93 қызметтік пәтер сатып алынған. Биыл тағы 60-қа жуық медицина қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, былтыр 17 медициналық нысан пайдалануға беріліп, №7 қалалық емхана күрделі жөндеуден өткен. Жылыой аудандық ауруханасында кардиологиялық орталық пен травматология бөлімі ашылған.
Қазіргі таңда Атырау қаласының «Нұрсая» және «Өркен» ықшам аудандарында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емханалар, жедел жәрдем станциясы және облыстық онкологиялық диспансердің жанында радиологиялық корпус құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 3 компьютерлік томография аппараты мен 40 жедел жәрдем көлігі сатып алынған.
В Атырау -2 












