Атырау, 8 желтоқсан 03:49
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

"Бизнес күлге айналды": Құлсарылық кәсіпкерлер миллиондаған шығынға ұшырады

658 рет қаралды
Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған сурет

Жақында Құлсары қаласындағы жанармай құю стансасында болған күшті жарылыстың салдары ауыр болды: бассейн қирап, спортзал өртеніп, бірнеше көлік жанып кетті, шығын көлемі жүздеген миллион теңгеге бағаланып отыр.

Жарылыстан тұтанған өрт адамдарды да, мүлікті де аямады — зардап шеккендер қатарында жергілікті тұрғындар да, кәсіпкерлер де бар.

Жарылыс ошағына жақын орналасқан бассейні бар орталық аса көп шығынға ұшырады. Ғимарат толықтай дерлік жойылды: өрт тек ғимараттың құрылысын ғана емес, ішіндегі барлық жабдықты да күлге айналдырды.

«Массаж кабинеттері, спортзал, жаттығу залы толықтай жойылды. Төменгі қабатта сауна мен душ бөлмелері болды — барлығы жарамсыз күйге түсті. Біз сауда орталығын салып, 2000 шаршы метрлік футбол залын ашуды жоспарлаған едік — оның бәрі жанып кетті. Бұл жағдайға біздің кінәміз жоқ, сондықтан келтірілген шығынның өтелуін талап етеміз. Адамдар бұл бассейнді күтіп жүрді, сұраныс жоғары болатын», — дейді кәсіпкер Ақмарал Түгелбайқызы.

Ондаған миллион теңге жұмсалған бизнес үйінді астында қалды. Қазір кәсіпкерлер жұмысты неден бастарын білмей отыр. Әзірге билік тарапынан өтемақы төлеу туралы ешқандай уәде әлі түспеген.

Жарылыс пен тұтанған өрт жеке мүлікті де жойды. Алты көлік иесінің машиналары зақымданды, олардың біреуі толықтай жанып кеткен.

«Менің көлігім мүлде жарамсыз болып қалды. Сырты да, салоны да түгел жанып кеткен. Электроникасы да істен шықты. Бұл — кепілдегі көлік, банк арқылы рәсімделген. Тәуелсіз сараптама шығынды шамамен 7–8 миллион теңге көлемінде бағалады», — дейді тұрғын Асылан Қазиев.

Әкімдіктің тапсырмасымен құрылған комиссия оқиғаның себептерін анықтау жұмыстарын бастап кетті. Алдын ала деректер бойынша, жарылыс болған газ құю стансасы заң талаптарын бұза отырып жұмыс істеген болуы мүмкін.

Жарылыстан ерлі-зайыптылар қаза тауып, тағы 14 адам жарақат алды. Олардың екеуі ауыр күйікпен ауруханада жатыр.

Полиция қылмыстық іс қозғап, сот-техникалық сараптамалар тағайындады. Зардап шеккен отбасылар мен өртенген мүлік иелері тергеудің әділ өтіп, кінәлілер жазаланып, шығын толық өтеледі деп үміттенеді.

Айгүл МАНСУРОВА

13 маусым, 13:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.