
11 маусымнан бастап айыпталған блогерге және кәсіпкер Рано Нигметованы қорғауға белгілі қазақстандық адвокат Жанна Оразбақова ресми түрде қосылды. Бұл туралы Нигметованың жақтастары Instagram парақшасында хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, Оразбақова іс материалдарымен танысуға кірісіп кеткен. «Біз берілмейміз. Біз ашық, жария түрде және заң аясында күресеміз. Ақиқат бізбен бірге. Кәсіби мамандар бізбен бірге. Жанна Оразбақова бізбен бірге», — делінген әлеуметтік желідегі мәлімдемеде.
Адвокат Жанна Оразбақова адам құқықтарын белсенді қорғап жүрген және резонансты істерге қатысатын заңгер ретінде танымал.
Рано Нигметова алаяқтық жасады деген айыппен (ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі) 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Тергеу мәліметінше, іс бір ер адамның арызынан басталған. Ол салымын екі есе көбейтіп беремін деген уәдесіне сеніп, Нигметоваға 30 миллион 250 мың теңге берген. Бірақ ақшасы қайтарылмаған.
Кейін іс бойынша қосымша эпизодтар анықталды: Рано құрбысы екеуі 634 мың теңге тұратын гүл композициясына тапсырыс беріп, оны төлемеген. Нигметова Instagram парақшасына гүлдердің видеосын жүктеп, оларды сыйлыққа алғанын айтқан. Сонымен қатар, оның өтініші бойынша гүл дүкендерінің бірінде құрбысының атына 4 миллион теңгеден астам сомаға тағы тоғыз гүл тапсырысы рәсімделген. Бірақ олардың бірде-біреуіне төлем жасалмаған.
Ұсталғаннан кейін блогер алдымен уақытша ұстау изоляторына жабылды, кейін тергеу абақтысына ауыстырылды.
Нигметова өзін кінәсіз санайды. Оның айтуынша, оның аты-жөні бұл іске жеткілікті негізсіз қосылған, ал сот алибиді, геолокация деректерін, уәждің жоқтығын және қорғау тарапының басқа да дәлелдерін елемеген.«Айыптау актісі алты рет жасалды, бұл оның құқықтық әлсіздігін көрсетеді. Онда уәж де, нақты әрекеттер де, нақты даталар да көрсетілмеген. Мені жай ғана кінәлі деп танылған адамның жанына қосып жазды», — деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Қазір блогер жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеуде. Осы уақытта Атырауда тағы екі әйел-блогерге қатысты тергеу жалғасуда: олардың бірі — алаяқтық, екіншісі — бопсалау бойынша күдікке ілінген.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -2