Атырау, 8 шілде 16:04
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Теңіз әуесіндегі алаңдаушылық. CRS LLP​ авиациялық қызметінде не болып жатыр?

544 рет қаралды

«Ақ Жайық» редакциясына Caspian Radio Services LLP (CRS LLP) компаниясының бұрынғы қызметкерлері жүгінді. Бұл кәсіпорын - Теңіз әуеайлағында жұмыс істейтін ТШО мердігері. Шағым иелері жұмыс барысында туындаған еңбек жағдайының қолайсыздығын, жалақыға қатысты мәселелерді, құжаттардың уақытында рәсімделмеуін, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне байланысты туындауы мүмкін тәуекелдерді тілге тиек етті.

Авиадиспетчер Тұрар Жұмағалиев 22 мамырда CRS компаниясынан кетті. Ол жалақының төмендігі мен еңбек заңдарының бұзылуы себеп болғанын айтты. Тұрар айына 750 мың теңге алған, бұл ұқсас компанияларға қарағанда өте аз. Сонымен бірге, ол ешқандай сыйақы алмаған, жұмыстан шыққанда оқу үшін компания төлеген дипломын ала алмағанын жеткізді.

— Компания Киевтегі авиация университетінен мамандарды шақырған еді. 2016-2018 жылдары олар Атырауға дәріс оқуға келді. Мен дипломдық жұмысымды сәтті қорғап, авиадиспетчер-инженер дипломын алдым. Келісім бойынша бес жыл жұмыс істеуім керек болатын, — дейді Тұрар. — Осы бес жылды 2023 жылға дейін толық өтедім. Бірақ жұмыстан шыққанда басшылық бұйрықты кешіктіріп, құжаттарымды бермей қойды.

Теңіз көгінде не болып жатыр?

Теңіз кен орнындағы авиадиспетчерлік пункт – бұл әуеайлақтағы «көз бен құлақ» іспетті. Ол әуе кеңістігін бақылап, рейстерді үйлестіреді, ұшулар мен қону процесін қадағалайды, сонымен бірге дрондар, тікұшақтар мен қызметтік ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұның бәрі – Жұмағалиевтің міндеті болған.

– Орташа Dash-8 рейсі шамамен 30 минутқа созылады. Ең бастысы – оның ұшу аймағында ешқандай дрондар немесе басқа әуе кемелері болмауы керек, – дейді ол. – Жұмыс жылдам реакцияны және жақсы денсаулықты талап етеді. Бірақ қазір ауысымда көбіне зейнеткерлер отыр, олардың қан қысымына қатысты проблемалары бар.

Тұрардың айтуынша, кейбір қызметкерлер күнделікті медициналық тексерістен өтпейді, дегенмен бұл міндетті талап. Оның айтуынша, мұндай қызметкердің бірін емдеуге жіберген, бірақ кейін құжаттарда ол тексеруден өткен болып көрсетілген.

Жұмағалиевтың бұрынғы әріптесі Ербол Серікбайдың да хикаясы ұқсас. 2023 жылдың соңында жұмыстан шыққан Ербол да жалақының аздығына, жол шығындары өтемақысының жоқтығына және жұмыстан шыққанда құжаттардың берілмегеніне шағымданды.

– Компания мені жібергісі келмеді, авиадиспетчер лауазымында жұмыстан шыққаныма қатысты құжат бермеді. Сонымен қатар, еңбек демалысымды төлеуден бас тартты. Мен Теңізшевройлға (ТШО) арыз жаздым, содан соң ақшамды төледі, – дейді Ербол.

Шағымдар қараусыз қалған

Жұмыстан шыққан соң Тұрар Теңізшевройлға хат жолдап, болған жағдайды баяндап, авиациялық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтарын және жұмыс барысында жиналған шағымдарын жеткізді.

«Теңіздегі ATC диспетчерлік мұнарасы – бұл Теңіз үстіндегі әуе кеңістігін бақылайтын орын. Әуе кеңістігінің өз шектері бар. Күн сайын бірнеше рет Dash-8 ұшақтары, дрондар мен тікұшақтар осы аумақта ұшады...

...Бірде ТШО дәрігері бір диспетчерге Атырауға емделуге жолдама беріп, іс жүзінде жұмыстан шеттеткен. Бірақ CRS оны жұмыстан босатпай, ол “Bridge” нысанында жұмысын жалғастырған. Кейін басшылық емделгені туралы жалған құжаттар жасады.

Менің ойымша, бұл авиациялық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Қазір екі зейнеткер диспетчер жұмыс істейді, олар зейнетке шыққан. Білуімше, CRS тағы бір адам қабылдамақ — яғни диспетчерлер саны үш адам болады.

Сонымен қатар, CRS басшылығы артық жұмыс уақыты бойынша Қазақстан заңын бұзып отыр, жұмысқа 1,5 ставкадан кем ақы төлейді. Іссапарларға күн сайын тек 6000 теңге төленеді, бұл да заң бұзушылық.

Бұл – менің ғана шағымдарым. Егер басқа CRS қызметкерлеріне сұрасаңыз, бұдан да көп заң бұзушылықтар бар екенін растайтындығына сенімдімін.

Сонымен бірге, кейде басшылықтың диспетчер куәлігін тартып алған жағдайлар болды. Бұл заңға қайшы, өйткені жұмыс кезінде куәлік диспетчердің қолында болуы тиіс...», — деп жазған Тұрар ТШО-ға жолдаған хатында.

ТШО-дан әзірге жауап жоқ, ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев арыз Әкімшілік кодекстің талаптарын бұза отырып жасалған деп мәлімдеді: «Белгіленген мерзімде талаптар орындалмағандықтан, арыз қарау тоқтатылады...»

"Құқық бұзушылықтар дәлелінсіз және жұмысқа қатысты құжаттарсыз шағым қаралмайды" деген екінші жауап еңбек қатынастары бақылау бөлімінен келген.

CRS ЖШС басшылығы не дейді

Біз компанияға комментарий алу үшін жүгіндік. Кейін редакцияға басшы орынбасары Азамат Игисинов пен кадр жөніндегі менеджер Марина Мұратова келді.

Олардың айтуынша, Жұмағалиев жұмыстан шыққанда ешқандай шағым айтпаған, ал диплом алуына ешкім кедергі болмаған – «құжатты университет береді». Заң бұзушылықтар жоқ, олардың айтуынша, күнделікті және іссапар төлемдері нормаға сай төленеді.

– Теңізде біздің он қызметкеріміз жұмыс істейді. Компанияда шамамен жүз адам бар. Қызметкерлер кетіп жатқан жоқ, мамандар жетіспейді деп айта алмаймын, – деді Игисинов.

Басшылар барлық құжаттар пакеті, соның ішінде еңбек кітапшамы да қызметкерге толық берілгенін айтты.

«Ақ Жайық» анықтамасы

Caspian Radio Services ЖШС 2004 жылдан бастап Қазақстанда тіркелген. Негізгі қызметі – әуе навигациясы қызметтері, әуеайлақтарды пайдалану және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қадағалау. Негізгі тапсырыс берушілері – Теңізшевройл (ТШО) және NCOC компаниялары. Басшысы – Берік Игисинов, құрылтайшысы – Ерлан Хабдулхахов.

Компанияның KEGOC акционерлік қоғамымен бір мемлекеттік келісімі бар, оның сомасы – 34 миллион 811 мың теңге. Бұл келісімге электр желілерін ұшқышсыз аппараттар арқылы тексеру кіреді.

2024 жылы CRS компаниясына екі әкімшілік айыппұл салынды: салықты азайтып көрсеткені үшін – 1 миллион 196 мың теңге және салық агенті міндеттерін орындамағаны үшін – 650 мың теңге. Соңғы он жылда компания бюджетке 2 миллиард 830 миллион теңгеден астам салық аударған.

Мақала жарияланған кезде Тұрар редакцияға хабарласып, дипломы табылғанын және оны алып кетуді өтінгенін жеткізді.

Айнұр САПАРОВА

Тұрар Жұмағалиев ұсынған сурет

12 маусым, 18:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.