
АҚШ президенті Дональд Трамп тұрақты тұруға рұқсат («алтын карта») алғысы келетіндер үшін арнайы сайт іске қосылғанын жариялады. Бұл туралы Газета.Ru Al Jazeera-ға сілтеме жасап хабарлады.
TrumpCard.gov сайты арқылы үміткерлер АҚШ-та тұруға рұқсат алу үшін өтініш бере алады. Порталда аты-жөнін, тұрғылықты жерін, электронды поштасын көрсету және өтінішті жеке тұлға немесе компания атынан беруді таңдау қажет. Тіркеу әзірге алғашқы кезең ғана, деп мәлімдеді Трамптың командасы.
Truth Social желісінде Трамп: «Мыңдаған адам хабарласып, әлемдегі ең ұлы ел мен ең үлкен нарыққа қалай кіруге болатынын сұрайды. Қазірдің өзінде күту тізімі ашылды», — деп жазды.
«Алтын карта» бағдарламасы алғаш рет ақпанда ұсынылған болатын. Бағдарлама аясында АҚШ экономикасына кемінде 5 млн доллар инвестиция құйып, салық төлеп, жұмыс орындарын ашатын ауқатты және табысты шетелдіктерге тұруға рұқсат беріледі.
Сәуірде Трамп осы картаның үлгісін таныстырды — оның портреті бейнеленген алтын түсті пластикалық құжат. Жаңа бастама АҚШ-та бұрыннан бар EB-5 визасын алмастыруы мүмкін. EB-5 бағдарламасы бойынша қазіргі талап — $800 мыңнан $1,05 млн аралығында инвестиция салу.
Жаңа бағдарламада $5 млн төлемнен басқа талаптар әзірге жарияланған жоқ. Тек үміткерлердің арнайы тексеруден өтетіні хабарланды.
Еске салсақ, АҚШ заңнамасына сай, тұруға рұқсат алғандар бес жылдан соң азаматтық алу үшін өтініш бере алады. Ол үшін ағылшын тілін білу, заң талаптарын сақтау және Конституцияға адал болу шарт.
2025 жылдың қаңтарында Трамп туу арқылы азаматтық алу ережелерін шектейтін жарлыққа қол қойған еді. Оның айтуынша, АҚШ — осы ережелер қолданылған әлемдегі жалғыз ел болған.
В Атырау -3