
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырауға сапары барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) газ-химия кешенінде болды.
Кешенде өткен кеңесте өндіріс барысы мен тұрақты жұмыс мәселелері талқыланды. Биылғы бес айда KPI 175 мың тонна полипропилен өндірген.
Өнімнің ішкі нарыққа жеткізілуі ерекше назарда. Жыл басынан бері отандық полипропилен нарығы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға өсіп, 21,3 мың тоннаға жетті. 2024 жылы компания 22,9 мың тонна (нарықтың 57%) өнім сатса, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 19 мың тонна (70% астам нарық үлесі) сатуды жоспарлап отыр. Маусымда ұзақ мерзімді келісімшарттар есебінен сату көлемі рекордтық көрсеткішке жетпек.
Өсім клиенттік базаның кеңеюімен байланысты. Бүгінде KPI-дың 130 қазақстандық клиентінің 60-тан астамы ай сайын өнім сатып алуда. Компания іске асырып жатқан «Форсаж» бағдарламасы да өңдеушілерді қолдауға сеп болуда. Тек мамыр айында осы бағдарлама арқылы 340 тоннадан астам өнім жөнелтілсе, маусымда бұл көрсеткіш 400 тоннаға жуықтайды деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда KPI өнімдері ел ішінде қаптама, құрылыс материалдары, тоқыма және техникалық бұйымдар өндірісінде кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, полипропилен Қытай, Ресей, Түркия және Еуропа елдеріне экспортталуда.
Асхат Хасенов KPI басшылығына өндіріс сенімділігін арттырып, ішкі нарықтағы позицияны одан әрі күшейту бойынша тапсырмалар берді.
В Атырау +4