
Франция президенті Эммануэль Макрон әлеуметтік желілерді 15 жасқа толмаған балаларға қолдануға толық тыйым салу қажеттігін мәлімдеді. Бұл шешім жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың өсуіне байланысты қабылданып отыр, деп хабарлайды АА.
France 2 телеарнасына берген сұхбатында Макрон әлеуметтік платформаларды пайдалануға шектеулер енгізуді жақтап, мұндай талаптың бүкіл Еуропалық Одақ аумағында қолданыс табуын қалайтынын айтты.
«15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу керек», — деді Франция басшысы.
Сонымен қатар, ол Еуроодақ бұл мәселені бірнеше ай ішінде шешеді деп үміттенетінін, алайда Франция өз алдына әрекет ете бастайтынын жеткізді.
«Егер бұл ЕО деңгейінде жүзеге аспаса, біз Францияда іске асырамыз. Күтудің реті жоқ», — деді Макрон.
Бұл ұсыныс Францияда мектеп оқушысының мектеп қызметкерін пышақпен өлтіру оқиғасынан кейін жасалды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуі тек ата-анасының рұқсатымен ғана жүзеге асады. Осы талапты орындау үшін платформалар арнайы жүйе енгізуге міндеттелген.
В Атырау -3