
Израиль әскері Газа секторына гуманитарлық жүк апара жатқан Madleen кемесін ұстап алғаннан кейін, борттағы бразилиялық белсенді Тиаго Авила аштық жариялады. Бұл туралы АА израильдік Adalah құқық қорғау ұйымына сілтеме жасап хабарлады. Ұйым белсенділердің заңды мүдделерін қорғап отыр.
Белсенділер қазір Израильдің тергеу изоляторында антисанитарлық жағдайда отыр. Бүгін таңертең кемедегі 12 еріктінің төртеуі елден депортацияланды. Ал қалған сегіз белсенді, оның ішінде Тиаго Авила да бар, Израильден кетуден бас тартып, Рамладағы тергеу изоляторына ауыстырылды.
Израиль соты халықаралық суларда ұсталып, Израильге мәжбүрлі түрде жеткізілгеніне қарамастан, барлық 12 белсендіге «елге заңсыз кіру» бабы бойынша айып тақты. Сот шешімімен оларға 100 жыл мерзімге елге кіруге тыйым салынды.
Madleen кемесі Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуге тырысқан "Бостандық флотилиясының" кезекті миссиясына қатысқан болатын. 18 метрлік желкенді кеме 1 маусымда Италияның Катания қаласындағы Сан-Джованни Ли Кути портынан шыққан. Кемеде 12 құқық қорғаушы болған. Израиль армиясы кемені тоқтатып, оған күшпен араласқан.
Кемеде әртүрлі елдердің белсенділері мен саясаткерлері болды: Франциядан Еуропарламент мүшесі Рима Хассан, Германиядан Ясемин Аджар, Түркиядан Хусейн Шуайб Орду, Бразилиядан Тиаго Авила, Испаниядан Серхио Торибио, Нидерландыдан Марко ван Ренн, Франциядан Батист Андре, Рева Виар, Паскаль Маурьерас және Янис Мхамди, Швециядан климаттық белсенді Грета Тунберг, сондай-ақ журналист Омар Фаяд.
Белсенділер Израиль әскеріне қарсылық көрсетпейміз деп алдын ала мәлімдеген. Алайда Израиль армиясы олардың әрекетін блокаданы бұзу әрекеті ретінде бағалап, кемеге шабуыл жасаған.
В Атырау -3