Атырау, 8 желтоқсан 03:45
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

NCOC заң бұзушылықты жасырды

447 рет қаралды
Видеодан стоп-кадр

Әлеуметтік желідегі видео Қарабатандағы күкірт сақтаудың экологиялық қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындатты.

Әлеуметтік желілерде Қарабатан вокзалы маңында орналасқан NCOC компаниясының өндірістік нысандарына қатысты экологиялық талаптардың ықтимал бұзылуы туралы видео пайда болды. Видео сипаттамасында аталған аумақта күкіртті сақтау және тиеу кезінде талаптардың бұзылу фактілері тіркелген болуы мүмкін екені айтылған. Видео авторларының пікірінше, бұл қоршаған орта мен халықтың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал.

Редакция NCOC компаниясына ресми сауал жолдады. Атап айтқанда, бізді мына сұрақтар қызықтырды:

  • Қарабатан вокзалы аумағында Қашаған жобасы аясында өндірілген күкірт сақтала ма?

  • Оның тасымалдануы, қоймада сақталуы және тиеу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар алынады?

  • Тәуелсіз сараптамалар қорытындылары немесе мониторинг нәтижелері бар ма?

  • Мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер жүргізілді ме және олардың нәтижелері қандай?

Алайда NCOC бұл сұрақтарға нақты жауап бермей, қысқаша түсініктемемен шектелді: «Солтүстік-Каспий жобасының операторы Қашаған кен орнының құрлықтағы нысандары аумағындағы теміржол стансасында күкіртті вагондарға тиеу жұмыстары ҚР заңнамасына, қолданылатын стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкес жауапкершілікпен жүргізіліп жатқанын хабарлайды».

Экология департаменті: бұзушылық анықталып, іс қозғалды

«Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысының экология департаментіне де жүгінді. Ведомство 2022 жылы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалына профилактикалық бақылау жүргізілгенін және осы бақылау барысында бұзушылық фактісі анықталғанын растады.

«Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы аумағында күкірт сақтау алаңдары орналасқан. Олар алты блоктан тұрады, әрқайсысының жалпы сыйымдылығы — 676 мың тонна. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша бұл алаңдарда 1 750 260 тонна күкірт жиналған.

- 2021 жылғы 11 тамызда берілген №KZ53VCZ01275763 қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатқа сәйкес, күкіртті орналастыру нормасы жылына 730 000 тоннадан аспауы тиіс. Осылайша, орналастырылған күкірт көлемі рұқсат етілген нормадан 1 миллион тоннадан көп асып кеткен, — деп хабарлады департамент.

Бұдан бөлек, ведомствоның мәліметінше, жобалық құжаттарда бұл алаңдар күкіртті уақытша сақтап, кейін сату үшін арналған. Алайда, пайдалануға берілген уақыттан бері күкірт сатылмаған және күкірт көлемі алынбай, жинала берген.

Осыған байланысты NCOC-қа қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілді. Қарау компанияның бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы даулағанына байланысты тоқтатылды. NCOC Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа, содан кейін апелляциялық инстанцияға талап арыз берді. Екі сот та департаменттің ұйғарымын күшінде қалдырды. Қазіргі уақытта компанияның кассациялық шағымы ҚР Жоғарғы сотында қаралуда.

Айнұр САПАРОВА

11 маусым, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.