
АҚШ-та иммиграциялық саясатқа қарсы наразылықтар кең ауқымға жайылып барады. Бұған дейін Лос-Анджелесте басталған митингілер енді Нью-Йорк, Чикаго, Вашингтон, Бостон, Даллас, Остин, Сиэтл, Тампа, Сан-Франциско, Жаңа Орлеан, Филадельфия мен Атланта қалаларын қамтыды.
Ал алдағы демалыс күндеріне тағы да ауқымды акциялар жоспарланып отыр, деп хабарлайды Newsweek.
Өткен демалыста Лос-Анджелесте АҚШ президенті Дональд Трамптың иммиграциялық саясатына қарсы митингілер өтіп, тәртіпсіздіктерге ұласты. Президент Трамп шекаралық қауіпсіздік мақсатында Иммиграциялық және кедендік полициясына (ICE) заңсыз мигранттарды ұстап, елден шығаруға бұйрық берген болатын. Осы рейдтерден кейін қалада жаппай наразылық басталды.
Бұған жауап ретінде Трамп Лос-Анджелеске 2 мың Ұлттық гвардия әскери қызметкерін жіберу туралы шешім қабылдады. Алайда Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом бұл шешімді сынға алып, оны "қасақана арандатушылық" деп атады. Калифорния билігі бұл шешімге байланысты Трамп әкімшілігіне қарсы сотқа жүгінді.
Лос-Анджелестегі тәртіпсіздіктер кезінде полиция шерушілерге жарық-шулы гранаталар қолданды. Өз кезегінде наразылар полицияға бөтелкелер мен өзге де заттар лақтырған. Құқық қорғаушылар көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтар қолданды. Қалада тонау және вандализм оқиғалары тіркелді.
9 маусым кешінен бастап Остин, Чикаго, Нью-Йорк және басқа қалаларда да наразылық акциялары басталды. Остинде полиция шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ бен бұрыш баллонын қолданды. Төрт полицей жарақат алды, 12 адам қамауға алынды, деп хабарлайды CBS News.
Нью-Йоркте Трамп-тауэр алдында мигранттарды түрмеден босатуды талап еткен наразылық кезінде 20-дан астам адам ұсталды.
14 маусым күні, президенттің туған күнінде, Трамптың әкімшілігіне қарсы бүкіл ел бойынша жаңа шерулер өткізу жоспарланып отыр. Ал Трамп әкімшілігі наразылықтарға қарамастан, рейдтер мен депортация бағдарламасын жалғастыра беретінін мәлімдеді.
В Атырау -3