
Атырау тұрғыны Соколок каналында шабақтардың жиналып, жаппай қырылып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, балықтар су бетіне шығып жатыр, бұл оттегі жетпей жатқанын көрсетуі мүмкін.
- Шабақтарды шұғыл құтқару керек, оларға оттегі жетпей жатқан сияқты, — дейді оқиға куәгері Арман есімді азамат. Ол балық шаруашылығын қорғау қызметіне бірнеше рет қоңырау шалған, бірақ көрсетілген нөмірлер жауап бермеген. Содан кейін ол «Ақ Жайық» тілшісіне хабарласуды жөн көрген.
- Бұл қаладан шамамен 12 шақырым жерде, Қарабатан бағытында, Атырау – Доссор тас жолының бойында. Сол жердегі көпірдің астында шабақтар өте көп жиналған, — деп нақтылады ол.
Оқиға орнынан түсірілген видеоны редакция Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсинге жолдады. Біраз уақыттан кейін ол оқиға орнына балық инспекциясының басшысы барғанын хабарлады. Тексеру нәтижесі бойынша қандай шаралар алынғаны туралы ақпарат күтеміз.
Айнұр САПАРОВА
Сурет пен видеоны Атырау тұрғыны Арман жолдады
В Атырау -2