Атырау, 8 желтоқсан 03:45
 ашықВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атыраулық чемпион: Ерекше Ернұрдың хикаясы

501 рет қаралды

15 жастағы Ернұр САТЫБАЛДЫНЫҢ шабыттандыратын хикаясы сенімнің, табандылықтың және дұрыс қолдаудың шынайы кереметке жол аша алатынын дәлелдейді.

Ернұрға небәрі алты ай болғанда, дәрігерлер оған церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозын қойды. Бұл диагноз бүкіл отбасы үшін үлкен сынаққа айналды. Анасы – Назгүл Есенғалиева сол сәттен бастап ұлының денсаулығын қалпына келтіру үшін бар күшін салды: реабилитациялар, массаждар, қолмен емдеу әдістері, басқа қалалар мен шетелдерге ем іздеп бару – барлығын өткерді. Ерлан Күмісқалиев жетекшілік ететін «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігімен танысқаннан кейін Ернұрдың өмірі мен мүмкіндіктері өзгере бастады.

- Бұл орталық туралы алғаш Ернұр 1 жас 7 ай болғанда теледидардан білдім. Сол кезде онда небәрі екі терапиялық ит — Федя мен Форбс жұмыс істейтін. Дәл солар ұлымның жағдайының жақсаруына көп көмектесті, — деп еске алады Назгүл.

Үш жыл бұрын қоғамдық бірлестік аясында иппотерапия орталығы ашылды. Ернұр сол жерде жылқымен ем жасай бастаған балалардың бірі болды. Бұл жаттығулар тек емдік мақсатта ғана емес, нағыз серпіліске айналды: Ернұр атқа мінуді үйреніп, өзіне деген сенімі артты, тіпті жарыстарға қатыса бастады. Бүгінде ол — параат спорты бойынша үш дүркін чемпион.

- Иппотерапияның арқасында Ернұр өздігінен жүре бастады. Бұрынғыдай сүйемелге мұқтаж емес. Инклюзивті сыныптан жалпы білім беретін сыныпқа ауысты. Қазір оның физикалық та, менталды дамуы да жасына сай келеді. Біз тіпті Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияға түсуге дайындалып жүрміз. Ернұр музыкаға ғашық. Егер түсе алмасақ, оқуын 10-сыныпта жалғастырады, — дейді анасы.

«Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігінің иппотерапия орталығындағы барлық бағдарламалар дәрі-дәрмексіз, табиғи жолмен, жануарлармен, кәсіби нұсқаушылармен бірлесе жұмыс істеу арқылы жүргізіледі. Бұл жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр.

- Біз мейірімді, сезімтал, тірі жануарлармен жұмыс істейтінімізді мақтан тұтамыз. Бұл жай ғана атқа міну емес — бұл кешенді терапия. Қазір орталықта арнайы дайындықтан өткен 12 ат бар, — дейді орталық жетекшісі Ерлан Күмісқалиев.

Қоғамдық бірлестік Ернұрдың жетістігі жекелеген жағдай емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтеді. Ең бастысы — осындай отбасыларға көмекті тек облыс орталығында ғана емес, шалғай аудандарда да алу мүмкіндігі болуы тиіс. Қазір орталық Мақат және Құрманғазы аудандарында белсенді жұмыс істейді. Иппотерапия бағдарламасын басқа аудандарда кеңейті – келесі маңызды қадам болып отыр.

10 маусым, 17:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.