
Ресей мен Беларусь Сыртқы істер министрлері Мәскеуде өткен келіссөздерден кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Польшаға қатысты пікір білдіріп, бұл елдің саясаты қақтығысқа бағытталғанын айтты, деп хабарлайды АА.
«Польшаның сыртқы саясаты қандай болса да, ол ұлттық бірегейлікті сақтауға негізделген. Бірақ халықаралық аренада біз де, беларусьтік достарымыз да Польшаның Ресей және Беларусьпен конструктивті диалог емес, қақтығысқа бейім екенін көріп отырмыз. Жаңа президент тұсында бұл саясат қалай дамитынын көреміз», – деді Лавров.
Сонымен қатар Лавров Балтық елдерін (Латвия, Литва, Эстония) «еурограндтардың» қолындағы қуыршақтар деп атады.
«Өзін еурограндтар деп атайтын елдер бұл мемлекеттерді Ресей мен оның одақтастарын, соның ішінде Беларусьті әлсірету мақсатында пайдаланып отыр. Бұл елдер тәуелсіз саясат жүргізбейді», – деді ол.
Лавров Беларуське Украина мәселесінде делдалдық жасауға дайындығы үшін алғыс айтты:
«Беларусь тарапының арнайы әскери операция себептері мен барысын түсініп, гуманитарлық мәселелер бойынша көмектесуге дайын екеніне ризашылығымызды білдіреміз. Олар келіссөздер өткізу, тұтқындар алмасу сияқты қадамдарға алаң ұсынуға әзір», – деді министр.
Өз кезегінде Беларусьтің Сыртқы істер министрі Максим Рыженков екі ел арасындағы барлық мәселелер талқыланып, шешімін табатынын айтты:
«Біз үшін шешілмейтін мәселе жоқ. Барлық тақырып ашық, және біз әрқашан ортақ шешімге келе аламыз», – деді ол.
Рыженков Балтық елдерінің агрессивті риторикасына да тоқталып өтті:
«Балтық елдері Ресей мен Беларуське қарсы агрессиясынан басқа нені көрсете алады? Олардың экономикасында ерекше жетістік жоқ. Халықаралық бастамаларда да көрінбейді. Керісінше, олар Ресеймен де, Қытаймен де, басқа елдермен де жанжалдасып үлгерді. Біздің көршіміз ретінде олардың демографиясының, инфрақұрылымының, экономикасының нашарлап жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз», – деді Беларусь министрі.
Кездесу барысында қос елдің сыртқы істер министрлері Еуразия елдерінің сыртқы істер министрлеріне арналған бірлескен үндеуге қол қойды. Ол үндеуде Еуразиялық әртүрлілік пен көпполярлылық хартиясын ілгерілету туралы айтылған.
«Біз Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ секілді ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты күшейтуге келістік», – деді Лавров.
Сондай-ақ ол Мәскеу мен Минсктің Еуразияда тең және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру жолында бірлескен күш-жігерге дайын екенін растағанын айтты. Бұл бастама алғаш рет Ресей мен Беларусь президенттері тарапынан көтерілген. Қазан айының соңында Минскіде өтетін үшінші Еуразиялық қауіпсіздік конференциясына дайындық жүріп жатыр.
В Атырау +4