Атырау, 5 желтоқсан 08:00
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

«Бір сағатқа кездес​ейік»: экологтар NCOC-ты қысым көрсетіп жатыр деп айыптады

904 рет қаралды

22 мамыр күні Атырау облысының Дамбы ауылында Каспий теңізінің түбін тереңдету жобасына қатысты тыңдау өткеннен кейін, экологтар қысым көре бастағандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тыңдаудан кейін өздеріне NCOC компаниясының атынан адамдар қоңырау шалып, жобаны «жеке талқылау үшін бір сағатқа кездесуді» ұсынған.

Еске салайық, мамыр айының соңында «Қашаған кен орнының нысандарын жайластыру. Теңіз кешені. Су түбін жөндеп тереңдету» жобасына қатысты қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Жобаның бастамашысы – Қашаған кен орнының операторы болып саналатын NCOC компаниясы. Алайда компания қолдау таппай, керісінше, экологтар, сарапшылар мен белсенділер тарапынан қатаң сынға ұшырады.

— Бұл қоңырауларды біз қысым жасау стратегиясы деп бағалаймыз. Ашық қоғамдық диалог жүргізіп, жобаны өзгерту бағытында жұмыс істеудің орнына, компания белсенділермен жеке-жеке келісуге тырысып жатыр. Бұл әрекет қоғамдық тыңдау рәсіміне сенімді кетіріп, ашықтық пен айқындық принциптерін өрескел бұзады, — деді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры және Save the Caspian Sea қозғалысының теңқұрылтайшысы Галина ЧЕРНОВА.

Мамандардың пікірінше, жоспарланып отырған теңіз түбін тереңдету жұмыстары су астындағы шу деңгейін едәуір арттырады. Бұл, әсіресе жойылып кету қаупі төнген бекіре тұқымдас балықтар үшін аса қауіпті. Сондай-ақ, теңіз экожүйесіне келетін тағы бір қатер — жасанды жарықтандыру. Ол зоопланктонның биоритмін бұзады. Ал зоопланктон — теңіздегі қоректік тізбектің ең маңызды буындарының бірі.

Қоғамдық тыңдаулардың ұйымдастырылуы да сынға ұшырады. Экологиялық ұйымдардың өкілдері ҚР Экология кодексінде белгіленген рәсімдердің бұзылғанын хабарлады. Атап айтқанда, қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берілмеді, ал соңғы хаттамаға ашық айтылмаған пікірлер енгізілді. Save the Caspian Sea қозғалысы белсенділерінің пікірінше, бұл құжаттың шынайылығына күмән келтіреді.

Атырау облысының экология департаменті экологтарға қолдау білдірді. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде: «Жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасы аясында уәжді ескерту берілді. Қазіргі уақытта жоба қаралуда және барлық, соның ішінде жұртшылықтан түскен өтініштер соңғы қорытынды шешім қабылдағанда ескерілетін болады» — делінген.

Тыңдаулар қорытындысы бойынша экологтар мен белсенділер бірнеше талап қойды:

  1. Айтылған ескертпелерді ескеріп, жобаның материалдарын тыңдауларда айтылған пікірлерді міндетті түрде қосып, қайта қарауға жіберу.

  2. Жобаның жаңартылған нұсқасы бойынша қайтадан тыңдау өткізу.

  3. Бұзушылықтар жойылып, толық жауаптар берілгенге дейін экологиялық сараптаманың оң қорытындысын беруді тоқтату.

Save the Caspian Sea қозғалысы жұртшылықты, БАҚ және мемлекеттік органдарды экологиялық заңнаманың және бизнестің қоғаммен қарым-қатынас этикасының сақталуын қамтамасыз етуге шақырды.

«Каспийдегі экологиялық жағдай нашарлай түскен кезде тыңдаулар – формалдық емес, табиғатты қорғаудың маңызды құралы», — дейді олар.

Дайындаған Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

10 маусым, 14:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.