
АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі Роберт Кеннеди-кіші вакцинация жүйесін реформалау аясында батыл қадамдарға баруда, деп хабарлайды Korrespondent.net.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Кеннеди-кіші Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) жанындағы Иммундау тәжірибесі жөніндегі консультативтік комитеттің (ACIP) барлық 17 мүшесін қызметінен босатқан. Бұл – вакциналар, азық-түлік және дәрі-дәрмекті реттеу жүйесін қайта қарауға бағытталған кең ауқымды іс-шаралардың ең көлемдісі.
Кеннеди-кіші комитет мүшелерінің фармацевтикалық компаниялардан қаржылай қолдау алатынын айтып, мүдделер қақтығысы бар деп мәлімдеді. Оның сөзінше:
«Бұл комитет бірде-бір вакцинаны кері қайтарған емес. Бұл – нағыз трагедия».
Алайда министр ACIP мүшелерінің мүдделер қақтығысына қатысты нақты дәлелдер ұсынған жоқ.
Барлық 17 мүшені 46-президент Джо Байденнің әкімшілігі тағайындаған болатын. Бұл шешім болмаса, Трамп әкімшілігі 2028 жылға дейін комитет құрамын өзгерте алмас еді. Осы себепті бұл әрекет Конгресстегі демократтар тарапынан сынға ұшырады.
ACIP-тің жаңартылған құрамының келесі отырысы 25–27 маусым аралығында Атлантада өтеді деп жоспарланған.
Роберт Кеннеди-кіші бұған дейін де вакцинаға күмән келтіріп, FOX News арнасында қызылшаға қарсы екпелерді сенімді қорғаныс деп санамайтынын айтқан. Оның пікірінше, табиғи жолмен пайда болған иммунитет жақсырақ қорғайды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл наурыз айында АҚШ-та қызылша ауруының өршуі тіркеліп, Техас пен Нью-Мексикода 200-ден астам адам ауырып, екі адам қайтыс болды. Бұл жағдай вакцинация деңгейінің төмендеуінен туындаған, ал оған вакцинаға қарсы жалған ақпараттың таралуы себеп болған. Мұндай көзқарасты Роберт Кеннеди-кіші де қолдаған.
Сондай-ақ, Кеннеди-кіші бір сұхбатында өзінің миының бір бөлігін паразит жеп қойғанын мойындаған.
В Атырау +4