Атырау, 5 желтоқсан 08:37
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Грета Тунберг Израиль билігін өзін ұрлады деп айыптады

406 рет қаралды

Израиль әскері Грета Тунберг отырған гуманитарлық көмек жүктелген Madleen кемесін ұстағаннан кейін, швед экобелсендісі бұл әрекетті «халықаралық суларда ұрлау» деп атады. Бұл туралы Business FM хабарлады.

Израиль Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кеме Израиль портына жеткізілген, ал оның бортындағы 12 палестинаны жақтайтын белсенді елдеріне қайтарылады. Олардың қатарында – Еуропарламент депутаты Рима Хассан, ирландиялық актер Лиам Каннингэм және Грета Тунберг бар.

Израиль тарапы бұл кемені «селфи-яхта» деп атап, белсенділерді «ақпараттық арандату ұйымдастырды» деп айыптады. Мекеме баспасөзге берген мәлімдемесінде: «Олардың бәрі аман, өздеріне сэндвич пен су берілді. Шоу аяқталды», – деді.

Madleen 1 маусымда Сицилиядан жолға шығып, Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізуді көздеген. Алайда Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац әскерге бұл кемені кез келген жолмен анклавқа кіргізбеуді бұйырған.

Грета Тунберг алдын ала түсірілген видеоүндеуінде былай деді:

«Егер сіз бұл видеоны көріп отырсаңыз, бізді Израиль басқыншы күштері немесе оған қолдау көрсетуші тараптар халықаралық суларда ұрлап әкетті. Мен барлық дос-жаранымнан, отбасымнан және жақтастарымнан Швеция үкіметіне бізді тезірек босатуы үшін қысым жасауды сұраймын».

Израильдің СІМ өкілдері кемеден табылған гуманитарлық көмектің көлемі тым аз екенін, ол жүк тиісті гуманитарлық арналар арқылы жеткізілетінін хабарлады. Олар әлеуметтік желілердегі «селфилер» арқылы көмек көрсетуге болмайтынын атап өтті. Израиль соңғы екі аптада Газаға 100-ден астам гуманитарлық көлік жіберілгенін еске салды.

Израиль журналисі және жазушысы Марк Котлярский бұл оқиғаға қатысты былай деді:

«Бұл – Израильге қарсы көзқарастағы танымал тұлғалардың қатысуымен ұйымдастырылған акция. Ондағы гуманитарлық көмек туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды, кеме тез арада ұсталды. Израиль әскерилері бұл жағдайға дайын болды. Қатысушыларға 7 қазан оқиғалары түсірілген фильм көрсетілді. Министр Кац: ‘Грета мен оның достары қолдап отырғандардың кім екенін көруі керек’ деді. Белсенділер бүгін-ақ Бен-Гурион әуежайы арқылы еліне қайтарылады. Бұл тек кезекті шоу болды».

Швеция билігі Грета Тунбергтің видеоүндеуіне әлі түсініктеме берген жоқ. Ал БҰҰ-ның Палестинадағы адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезе кемені тез арада босатуды талап етті.

9 маусым, 19:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.