
Израиль әскери күштері Грета Тунберг пен басқа белсенділер мінген Madleen кемесін ұстап алды. Бұл кеме гуманитарлық көмекпен Газа секторына бағыт алған болатын. Израиль билігі бұған дейін кеменің анклав жағалауына жетуіне жол бермейтінін ескерткен еді, деп хабарлайды BBC News Русская служба.
Кеме түнде қолға түсті және қазір Ашдод портына бағытталуда. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл операцияны растады. Белсенділер аздаған гуманитарлық көмек жеткізуді және халықаралық қауымдастықтың назарын Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа аударуды көздеген. Израиль сыртқы істер министрлігі барлық жолаушылардың қауіпсіз екенін және ешкім зардап шекпегенін айтты.
Израильдің Сыртқы істер министрлігі бұл кемені "селфи-яхта" деп атап, оның жолаушылары жақын арада өз елдеріне қайтарылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Израиль тарапы соңғы екі аптада Газаға 1200-ден астам жүк көлігі гуманитарлық көмек жеткізгенін хабарлады. Израиль гуманитарлық көмекті ресми арналармен беруге уәде етті.
«Еркін флотилия» белсенділері Израиль әскері оларды халықаралық суларда түнгі сағат 2-де ұстағанын, өздерін заңсыз тұтқындағанын мәлімдеді. Олар бірнеше рет Израильдің күш қолдануын сынап, бұл әрекеттерді халықаралық құқыққа қайшы деп атады.
Түркия сыртқы істер министрлігі Израильдің әрекеті теңіздегі қауіпсіздікке қатер төндіреді деп бағалады.
Израиль Газаны екі айдан бері блокадада ұстауда. Барлық өткізу пункттері жабық, азық-түлік, дәрі-дәрмек, отын тасымалы тоқтатылған. Израиль бұл блокаданы ХАМАС-қа қысым жасау үшін қажетті деп санайды, ал халықаралық гуманитарлық ұйымдар блокаданы тоқтатуды және көмекті жеткізуге рұқсат беруді талап етеді.
Қызыл Крест комитеті азық-түлік, дәрі-дәрмек және су қоры таусылып келе жатқанын ескертеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы да блокаданы қатал деп атап, халықаралық заңға сәйкес көмекті өткізу керек екенін еске салады. Бірқатар Еуропа елдері Израильдің шешімін қабылдауға болмайтын әрекет деп атады.
В Атырау -3