Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сириядағы ахуалға байланысты шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Дамаск қаласы маңындағы Гута елдімекенінде 21 тамызда химиялық қару қолданылды деген ақпарат алаң туғызып отыр. Осыған байланысты АҚШ және Ұлыбританияның өкілдері Сирияға әскер кіргізу қажет деп мәлімдеген еді. Башар Асадтың жақтастары мен қарсыластары арасындағы шиеленіс ушығып барады. Алайда Сергей Лавров жағдай БҰҰ сарапшылары тарапынан мұқият зерттеліп, қайткенде де сыртқы әскери күштердің араласуынсыз реттелуі тиіс екендігін айтуда. Өйткені бұған дейін Ирак, Ливия мемлекетеріне шетелдік әскерлерді кіргізу ешбір нәтиже берген жоқ. Керісінше, өзгенің араласуы аймақтағы жағдайды тұрақсыздандырды. Сондай-ақ ол Гута елдімекенінде химиялық қару қолданылды деген ақпаратқа нақты дәлел жоқ екендігін де мәлімдеді.
Дереккөз: 24.kz