Атырау, 6 желтоқсан 09:05
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Shell мен Энергетика министрлігі ГӨЗ және Қашағанды кеңейту мәселесін талқылады

587 рет қаралды

Қазақстан мен Shell компаниясы мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту бағытында жұмыс істеуді жалғастыруда.

2025 жылғы 19 мамырда ҚР Энергетика министрлігінде министр Ерлан Ақкенженов пен Shell компаниясының жоғары басшылығы арасында жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуде Қарашығанақ газ өңдеу зауытын (ГӨЗ) дамыту және өндіру деңгейін ұстап тұруға бағытталған бағдарламалар жан-жақты қарастырылды. Қазақстандық тарап ГӨЗ-ді жаңғырту жоспарын таныстырып, оның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) аяқталғаннан кейін жобаның келесі іске асыру кезеңіне өтуі талқыланды.

Тараптар Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған) аясында кен орнын тұрақты және қауіпсіз пайдалану мәселелері, өндіру көлемін кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ сұйытылған көмірсутек газын өндіру жобаларын жүзеге асыру туралы пікір алмасты.

Кездесудің жеке блогы инвестициялар мен құқықтық өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды. Тараптар қолданыстағы келісімдер шеңберінде тиімді ынтымақтастық механизмдерін талқылап, ашықтық пен өзара құрмет қағидаттарын ұстанатынын растады.

Министр Ерлан Ақкенженов Shell компаниясымен көпжылдық ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп: "Бұл уақыт сынынан өткен сенімді әріптестік. Біздің басты мақсатымыз – ірі жобаларды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және мұнай-газ саласының әлеуетін арттыру. Қазақстан ашық диалогқа дайын және нақты нәтижелерге мүдделі" деп мәлімдеді.

Кездесуге Питер Костелло мырза, Қазақстандағы Shell компаниясының жуырда тағайындалған өңірлік басшысы Али Аль-Джанаби мырза, сондай-ақ 5 шілдеден бастап Shell-дің Қазақстандағы Аға вице-президенті әрі Төрағасы қызметін атқаратын Сюзанна Куган ханым қатысты.

Кездесу соңында тараптар өңірдің энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған ұзақмерзімді, өзара тиімді серіктестікке қызығушылық танытатынын растады.

19 мамыр, 17:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.