
Атырау облыстық онкология диспансерінде науқастарға қолайлы жағдай жасау және ем-шараларды тиімді жүргізу үшін жаңа медициналық жабдықтар пайдалануға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Емдеу мекемесіне көпфункциялы 20 медициналық кресло сатып алынды. Бұл құрылғылар ұзақ уақытқа созылатын процедуралар, соның ішінде химиотерапия, қан алу, қан құю кезінде науқастардың ыңғайлы отыруын қамтамасыз етеді.
Әр креслоның қалпы реттеледі, пациент өзіне қолайлы жағдай жасап, ем алу барысында кітап немесе газет оқуға, тынығуға мүмкіндік алады.
Диспансердің эндоскопия бөлімі толық жаңғыртылып, жаңа заманауи құралдармен жабдықталды. Енді тұрғындар ФГДС (гастроскопия) және колоноскопия секілді маңызды зерттеулерден өте алады.
Жаңа кешен құрамында: OLYMPUS CV-1500 бейнеақпараттық орталығы, GIF-H185 гастробейнеэндоскоп, BF-H 190 бронхоэндоскоп, CF-H 185 L колоноскоп аппараты бар.

Сонымен қатар, Endocab Plus залалсыздандыру құрылғысы іске қосылды. Бұл жүйе эндоскопиялық құралдарды автоматты түрде жуып, залалсыздандырып, кептіріп, кварцтау арқылы қауіпсіз сақтауды қамтамасыз етеді. Инфекция жұқтыру қаупін төмендетіп, санитарлық талаптарды күшейтуге мүмкіндік береді.
Онкология диспансері емдеу сапасын жақсартуға бағытталған заманауи технологияларды енгізуді жалғастыруда. Диспансер директоры Эльмира Сапарова бұл жаңашылдықтың науқастардың психологиялық және физикалық жағдайын жақсартып, медициналық процедураларды барынша ыңғайлы етуге көмектесетінін атап өтті.
Бұл өзгерістер онкологиялық ауруларды тиімді диагностикалауға, емдеу процесін жеңілдетуге, және пациенттердің ем-шаралар кезіндегі жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
В Атырау 0