
Нұрмұхановтар отбасы өткен жылғы су тасқынынан зардап шеккен үйі үшін әлі күнге дейін өтемақы алған жоқ. Олар бір жылдан астам уақыт бойы зиянды өтеуді талап етіп келеді, бірақ әзірге нәтиже шықпай отыр.
Жылыой аудандық соты олардың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты, ал 16 мамырда Нұрмұхановтар облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді.
«Қазір времянкада тұрып жатырмыз»
Нұрмұхановтар 2024 жылдың көктеміндегі су тасқынынан қатты зардап шеккен Құлсары қаласында тұрады. Олардың бес бөлмелі, 168 шаршы метрлік үйі 2006 жылы салынған. Үйдің ішінде су деңгейі он күн бойы шамамен 30 сантиметр биіктікте сақталған. Үйде 11 адам тұрған: Жанат НҰРМҰХАНОВ жұбайымен, екі ұлымен, келіндерімен және немерелерімен.
Қазіргі уақытта отбасы қаланың әр жерінен екі сарайды жалға алып отыр. Үлкен келіні Алмагүл ЖАУМБАЕВА бастапқыда әр сарай үшін 120 мың теңге төлегенін, содан бері төрт сарай ауыстырған. Қазір екі сарай үшін ай сайын 60 мың және 70 мың теңге төлеп отырғанын айтады. «Жаңа үй тұрғызғаннан кейін қайтадан бәріміз бірге тұрамыз», — дейді ол.
Бағалау, қорытынды, мәлімдемелер
Су тасқынынан кейін Жылыой ауданының әкімдігі «Тәуелсіз бағалау және сараптау, зерттеу орталығы» ЖШС-не үйдің техникалық жағдайын тексеруді тапсырды. 2024 жылдың 24 сәуіріндегі қорытындыда іргетастың бұзылғаны, аралық қабырғалардағы жарықтар, еденнің көтеріліп кеткені және оның астына су жиналғаны айтылған.
Тексеру нәтижелері бойынша әкімдік үйді күрделі жөндеуге жарамды деп танып, қалпына келтіру шығындарын 18 миллион теңгеден астам деп бағалады. Бірақ, тасқында зардап шеккен отбасы үйдің күрделі жөндеуге келмейтінін, оны бұзып, қайта салмаса, тұруға жарамсыз екенін алға тартып, техникалық зерттеуді қайта жүргізіп, үйді апатты деп тануды және үй-жайы мен дүние-мүлкінің шығынын кері бағалауды сұрап, жергілікті әкімдікке бес рет арыз жазады.
…Бесінші рет жазған арыздан кейін әкімдік шаруашылық құрылысын (көлікжайды) бұзуға келісіп, залал сомасын қайта есептеді. "Asia Independent Assessment" ЖШС қорытындысына сәйкес, жалпы сома 22 млн 571 мың теңгеге бағаланған. Оның ішінде: 18 млн 117 мың – үйдің күрделі жөндеуіне, 1 млн 926 мың – көлікжайды бұзуға, 1 млн 974 мың бүлінген мүліктердің құны , 553 мың – жиһаз бен техника сатып алуға жұмсалады деп өтемақы көлемі есебін шығарып берген.
Нұрмұхановтар бұл сомамен келіспей, келісімге қол қоюдан бас тартып, өздері сараптама жасатты. "Zigmund" ЖШС компаниясы үйді апатты деп танып, оның құлау қаупін атап өтті.
Сот: жартылай қанағаттандыру және бас тарту
2024 жылдың 6 тамызында отбасы Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Жылыой ауданының әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ пен ТКШ бөліміне қарсы талап арыз берді. 25 қыркүйекте сот мемлекеттік органдардың әрекеттерін заңсыз деп тану және қайта сараптама жүргізуге мәжбүрлеу талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Алайда, үйдің күрделі жөндеуі туралы шешімнің заңсыз екенін мойындап, әкімге өтініш берушінің пайдасына оң әкімшілік акт шығаруды — яғни залалды қайта бағалауды міндеттеді.
Осыдан кейін Алмагүл Атырау облысының Сот сараптамасы институтына жүгінді. Ол жерде үйдің нарықтық құны 34 млн 966 мың теңге деп бағаланды.
Бұл қорытынды негізінде Нұрмұхановтар Жылыой аудандық сотына залалды өтеу жөнінде жаңа талап арыз берді. Істі қарау екі айға созылып, 29 сәуірде сот талап арызды тағы да қанағаттандырудан бас тартты.
16 мамырда берілген апелляциялық шағымда Жанат Нұрмұханов:
- 34 млн 966 мың теңге – үйдің нарықтық құнын,
- 2 млн теңге – мүлікті жоғалту,
- 1 млн 926 мың теңге – гаражды бұзу,
- 150 мың теңге – мүлікті бағалау,
- 133 мың теңге – сараптама шығындарын өндіріп алуды сұрайды.
Әкімдік нені көрсетті, нені көрсетпеді
Әкімшілік соттың шешімін орындау аясында әкімдік "KZ Build Expert" ЖШС-мен залалды қайта бағалау туралы келісімшарт жасады. Аудандық сотта залалдың жаңа сомасы 26 миллион теңге деп жарияланды, бірақ қорытынды құжат отбасыға көрсетілмеді. Алмагүлдің айтуынша, бұл құжатты жасырып, тыңдауларды кейінге шегеріп, ал іс созылып кеткен. Әкімдік заңгері сотта қорытындыны тарапқа беруден бас тартқан.
Бұл құжаттың неліктен сотқа да, отбасыға да ұсынылмағаны белгісіз болып отыр. Бәлкім, аудандық әкімдік бұл жарияланымға жауап беріп, түсініктеме берер.
Тарих қайталануда
Отбасы биліктің сараптама қорытындыларын елемей, өтемақы төлеуден бас тартып отырғанын әділетсіз деп санайды. Олар облыстық сот әділ шешім қабылдайды деп үміттенеді.
Ал биыл Жем өзені тағы да арнасынан шығып отыр.
Еске сала кетсек, өткен жылы Жылыой ауданында шамамен 3 мың үй су астында қалды, төрт адам қаза тапты. 15 мамырда Құлсары тұрғындары әкімдік ғимаратының алдына жиналып, биліктен әрбір шаршы метр бұзылған тұрғын үй үшін 400 мың теңге төлеуді талап етті. Билік өкілдері өтемақы нарықтық бағамен есептелетінін, яғни шаршы метрі үшін 200–240 мың теңге мөлшерінде төленетінін мәлімдеді.
Наразылық бір аптаға созылып, 22 мамырда аяқталды.
Нұрмұхановтар отбасының хикаясы – бұл табиғи апаттардан зардап шеккен жандардың жылдар бойы тек апатпен ғана емес, жүйенің немқұрайлылығымен де күресуге мәжбүр болатын көп мысалдарының бірі.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0