Атыраудағы жеке медициналық кабинеттердің бірінде төбе шашыңды тік тұрғызар оқиға тіркелді: сүндетке отырғызу кезінде дұрыс жасалмаған емшара 5 жасар баланың мүшесін ампутация жасауға әкеп соғуы мүмкін.
Бұл фактіні бала кешеге дейін жатқан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл АЙТМҰХАМБЕТОВ растап отыр. Таяу күндері бала ата-анасымен ҚР Ана мен бала ұлттық орталығындағы урологиялық бөлімшеде жеңілдік бойынша емделу үшін Астанаға ұшады.
Айтмұхамбетовтың сөзі бойынша, сүндетке отырғызу жеке хирургиялық кабинетте 21 тамыз күні, баланың 5 жасқа толуына бірнеше күн қалғанда жасалған. Дәрігерлердің пікірінше, бұл ауру ятрогендік сипатта, яғни дәрігер іс-әрекеті салдарынан орын алған жағымсыз жағдайды білдіреді.
- Дәрігердің қателігінен, яғни жыныс мүшесін қатты қысып тастағаны кесірінен қан жүруі бұзылған, сондықтан балада тіндердің некрозы (тіршілігін жоғалтуы) басталған. Бұл осы аталған хирургиялық кабинетте орын алып отырған екінші жағдай. Бірінші жағдайда ата-аналар бізге дер кезінде хабарласқан. Ал екінші жағдайда баланың жағдай асқынған кезде алдымен операция жасаған дәрігерге көрсеткен – ол бәрі де жақсы дегесін, бала үйінде болған. Соның нәтижесінде қазір мүшені кесіп тастау мәселесі тұр, - дейді Айтмұхамбетов. – Біз тәуекелге бармай, алдымен баланы республикалық орталыққа жібердік. Сол жерде оны алдымен түгел тексеріп шығу керек. Қандай шаралар алынатын туралы мен сізге хабарлаймын. Ал хирургиялық кабинет туралы мәселеге келсек, мен ҚР медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аймақтық департаментіне осы мәселені шешу сұранысымен хат жібердім.
Жоғарыда аталған департамент директорының орынбасары Алма САРБАЕВА әңгіме болып отырған хирургиялық кабинетке байланысты екі материалдың келіп түскенін растады: бірі прокуратурадан (бірінші жағдайға байланысты болуы керек – Л.С), екіншісі облыстық балалар ауруханасынан. – Бірақ тексеру жұмыстарын әлі бастаған жоқпыз, тек комиссия құрылуда.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА