– Мен кеніште химиялық талдау лаборанты боп жұмыс істеймін. Жеке еңбек келісім-шартында зиянды өндірісте жұмыс жасайтындығым көрсетілмеген. Бірақ бензин, мұнай және басқа да зиянды химиялық қоспалармен жұмыс істеуіме тура келеді. Лаборанттың жұмысы зиянды деп есептеле ме? Осыған қатысты қайда хабарласқаным жөн? Менің жұмыс берушім жұмыстың зиянды еместігін, жұмыс орнындағы өлшегіш құрылғылардың рұқсат етілген мөлшерді көрсетіп отырғандығын растап отыр. Алайда басқа кеніштерде лаборант боп жұмыс істеген кезімде жеке еңбек келісім-шартында жұмыстың зиянды екендігі көрсетіліп, бізге үстеме ақы төлейтін. Жұмыс орнындағы зияндылық мөлшерін анықтау қаншалықты жиі жүргізіліп тұруы тиіс?
Телефон арқылы
Түсінік алу үшін Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Салауат ИШАЙҒА хабарластық. «Бұл адам бізге жазбаша өтінішпен хабарласуы тиіс. Бізде кеніште жұмыс істейтін кәсіпорындар көп. Бұл адамның олардың қайсысында жұмыс істейтінін мен білмеймін. Біз тек компанияны, оның қызметтік міндеттемелерін тексергеннен кейін ғана мән-жайды айта аламыз. Кәсіпорындардағы зияндылық мөлшерін анықтауға келер болсақ, олар бұрын жылына бір рет жүргізілетін. Соңғы кездері 4 жылда бір рет жүргізіліп жүр».