Атырау, 21 желтоқсан 10:14
 бұлттыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Көктоғай мектебіндегі жанжал: әділет іздеген ұжым, сыйақылар және көрінбейтін психолог

1 252 рет қаралды
Индер ауданы, Көктоғай ауылындағы Б. Нысанбаев атындағы орта мектеп

Еске салсақ, Көктоғай ауылы мектебінің ұжымы мен әкімшілігі арасындағы дау әлі шешілген жоқ. Мұғалімдер билік тарапынан қысымның жалғасуына, әділетсіздікке және мәселенің жабулы күйінде қалғанына шағымдануда.

Жақында облыстық Мәслихаттың депутаты Фатима ТӨЛЕЕВА басшылық жасаған облыс әкімдігінде өткен жиында Индер және Мақат ауданы білім бөліміне қатысты мәселе талқыға салынды. Жиын «Доссор жаңалықтары» тікелей жарияланымында көрсетілді.

Индер ауданы: ұжым директорға қарсы

Көктоғай ауылындағы Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің қызметкерлері мектеп директорыы Анар ҮМБЕШКЕ қатысты шағым жолдады. Алдымен екі адам, кейін оларға тағы 14 қызметкер қосылды. 16 қызметкердің қолы қойылған шағымның аудандық білім бөліміне және прокуратураға жолданғанына бір жарым ай өтсе де, тұщымды жауап ала алмай отыр. Ол хатта басшылық қызметін асыра пайдаланғаны, орынсыз талаптар қойып, жұмысқа кешігіп келетіні, мектептің үнемделген қаржысынан жыл аяғында 13 қызметкерге ғана сыйақы берілгені айтылады.

— Маған қосымша сабақтар үшін төрт айдың еңбекақысын төленбеді, — деп бөлісті мұғалім Мерей АБИЛОВА. — Ал мектеп психологы мүлде жұмысқа келмесе де, ештеңе болмағандай жалақы алып отыр.

- Біз күтіп шаршадық, - деді іс қағазын жүргізуші Аяжан ШЫНТЕМІРОВА. Директор қанша жұмыс жасасам да маған тиісуін қоймады, кабинетіме келіп дөрекілік танытып айқайлайды, шыдамымыз бітті, сосын арыздануға тура келді. Басында лаборанттық қызметті маған беретін болып, кейін одан айнып қалды. Жақсы, ал сол лаборанттықты үш сағаты бар адамға неге бермейді? Оның орнын арыз жазған қызметкерлерді директор қудалауға көшті.

Билік ақталғанымен, мойындап отыр

Аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА арыздарды аудандық прокуратура анықтап жатқанын айтып ақталды. Оның айтуынша, директордың жұмысқа кешігуін мектептегі видеокамера анықтай алмапты. Алайда төрт ай бойы жұмысқа келмеген мұғалімге жалақы төленгенін жоққа шығара алмады. 

- Бұл өрескел заң бұзушылық, - деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының бастығы Марат ӘБУОВ. - Көзбе-көз жұмысқа келмеген адамға жалақы төлеген, мектепте тәртіп кеткен. Ол (директор) заңды бұзып отыр. Заң бұзушылық болса арыз беріңіздер, антикор, прокуратураға береміз, тексереді,

- Дипломы сай келетін мұғалімдерге қосымша сағат беруге болады ғой, даладан іздемей. 13 адамға берілген сыйақыны, неге түгел ұжымға тең бөліп бермейді? - деді А. Шынтемірова.

Бұл диалогқа Төлеева араласып, аудандық білім басшысы О. Ділмұқашеваға факт анықтала тұрса да осы кезге дейін шара алмағаны үшін сөгіс жариялау, ал мектеп директоры жұмыстан босатылу керек, деді.

Мақат ауданы: түсініксіз конкурстар және су аққан шатыр

Қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН Мақат ауданындағы М. Баймұқанов атындағы орта мектептің директор лауазымына конкурстық рәсімдеу заң бұзушылықпен өткенін, күрделі жөндеу жүріп жатқан А. Құнанбаев мектебінің директоры лауазымына конкурс жариялау қандай қажеттілік болғанын түсінбейтінін айтты. 

- Доссордағы мектеп басшылығы жәй жөндеуге ГАСК талоны жоқ болса да жұмысын бастап, оқушыларды әуре-сарсаңға салған, - деді ол. - Оның үстіне күрделі жөндеу жүріп жатқан А. Құнанбаев атындағы орта мектептің шатырын ауыстырғанымен жаңбырда ғимарат ішіне су кеткен.

Жиында мектептер мен балабақшаларды тек білім бөлімі ғана емес, аудандық әкімшілік пен кент әкімдерінің құзырына беру жөнінде мәселе көтеріліп, ұсыныс хат жолданатын болды. Сондай-ақ Индер және Мақат ауданына арнайы көшпелі комиссия баратын болып шешілді.

Осы жиынға қатысқан Б. Нысанбаев атындағы орта мектептің қызметкері А. Шынтемірова  әділдік іздеп Астанаға Білім Министрлігіне бару үшін жолға шықты. Кейін облыстық білім басқармасының бастығы М. Әбуов Б. Нысанбаев орта мектебі директоры Анар Үмбештің денсаулығына байланысты демалыста екенін, жұмысқа шыққасын оны босату жөнінде бұйрыққа қол қоятынын айтты.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

30 сәуір, 20:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.