
Индер ауданы Көктоғай ауылы Б. Нысанбаев атындағы орта мектеп қызметкерлері мен директордың арасындағы қызметтік дауға бір жарым айдан бері нүкте қойылар емес.
Аудандық білім бөлімі басшылығы да неге екені белгісіз шара алудың орнына қауқарсыздық танытуда. Ал мектептің ішкі ахуалы күннен-күнге нашарлап, жік-жікке бөлінушілік орын алған жайы бар.
Төлемдердің кешігуінен басталды
«АЖ» журналисіне 11 наурыз күні мектеп ауласында қызметкерлер Аяжан ШЫНТЕМІРОВА мен Мерей АБИЛОВА ашық сұхбат беріп, төрт айдан бері үстеме еңбекақысын ала алмағанын, төрт ай жұмысқа келмеген мұғалімге ақша төгілгенін, оның үстіне мектеп директоры Анар ҮМБЕШТІҢ ашық қудалауына түсіп отырғанын айтқан болатын.
Сол күні мектеп ауласында болған сұхбат кезінде аудандық білім бөлімі басшысы Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА болып, жұмыс комиссиясы тексеріс жүргізіп жатқанын, қорытындысы жуырда айтылатынын айта келіп, тіпті арызданушы мұғалімдерге «бұл жайды бізге неге алдымен айтпадыңдар» деп кінә артқан еді.
Сол күні «АЖ» журналисі мектеп директоры Анар Үмбешпен тілдесуге барғанда оның аяқ астынан ауырып, жедел жәрдем шақыртып, аурулығына байланыста еңбекке жарамсыздық бойынша демалысқа шығып кеткенін анықтады.
Комиссиялар, еңбекке жарамсыздық және жаңа шағымдар
12 наурызда мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы жиналыс жасап, бұл жиналысқа денсаулығына байланысты демалыстағы директордың өзі де қатысқан. Бірақ мәселені шешудің орнына жағдай одан әрі ушыққан. 17 наурыз күні арызданушы екі қызметкер аудандық білім бөліміне барып, тағы да араша сұрайды.
Орынша Ділмұқашева: «Мектеп директорының орынбасары мен есепшіге тәртіптік шара алынды, ал мектеп директорына больничныйдан шыққан соң шараны мен алам. Егер мен шара алмасам, аяқсыз қалса, мені кіналаңыздар» дейді.
Ал «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Индер аудандық филиалының төрағасы Қалжан АХМЕТОВА:
- Бұл жерде қызметкерлердің құқы бұзылып тұр. Психолог төрт ай жұмысқа келмесе де ақша төленгені анықталды. Мектеп директорын оқу жылы аяқтала ма, оған дейін бе, жұмыстан босатуын талап етемін,- деді.
Бір айдан соң...
Анар Үмбеш жұмысқа шықса да білім бөлімі шара алуға асығар емес. Жағдайдың ушыққаны соншалық, мектептің 16 қызметкері қол қойып, құзырлы орындарға арыз жолдайды. Онда А. Үмбештің жұмысқа кешігіп келетіні, басшылық қызметін асыра пайдаланып, бәйәдеп сөздер айтып, орынсыз талаптар қоятынын, жұмысқа келмеген адамға ақша төленгені, оны тексеруді сұрап хат жазады.
23 сәуір күні мектепке жедел жәрдем мен полиция келген. Мектепте уақытша мұрағатшы қызметін атқаратын Әсел ШАКИРОВА директордың қудалауына ұшырағанын айтады.
- Көпбалалы анамын, жолдасым жұмыссыз. Наурыз айында мектептегі құқық бұзушылық туралы арыз жазғаннан кейін мектеп директоры маған түрлі қудалау, қысым көрсете бастады. 23 сәуір күні директор келіп, «өтініштерді тіркемегенсің» деп акт толтырмақшы болды. Мені видеоаға түсірді, сол жерде дірілдеп, ауа жетпей тынысым тарылды. Амалсыз жедел жәрдемді, полицияны шақырдым. Жедел жәрдем қызметкерлері келіп, дәрі беріп, укол салып тыныштандырды. Полиция өтінішімді жазып алып кетті,-дейді ол.
Бұл жолы да мектеп директоры Анар Үмбешпен тілдесудің сәті түспеді. Директор полиция келіп кеткеннен кейін жұмыстан кетіп қалған. Ол қайда кеткенін мұғалімдер де айта алмады. Жалпы оның директор болғанына табандаған 12 жыл болған. Аудандық ІІБ жәбірленуші тараптан және директордан түсініктеме алған.
Облыстық деңгейге жолданған шағымдар және үнсіздік
Қызметкерлер облыс прокурорына, аудандық прокуратура, аудандық білім бөлімі, басқа да құзырлы орындарға шағым түсірген. Ол арыз хатта еңбек құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы, жұмыс істемейтін қызметкерге төлем жүргізу, дипломы бар мамандарды жұмысқа алудан негізсіз бас тарту және іссапарлар мен жанармай шығындарының ашық еместігі мәселелері көтерілген.
Қызметкерлердің арызына айдан астам уақыт өтседе аудандық прокуратура, білім бөлімінен толыққанды жауап берілмеуде. Егер 30 сәуірге дейін бұл жайттар облыс тарапынан шешілмесе, онда қызметкерлер республика деңгейіне дейін шығуды ұйғарып отыр.
«АЖ» журналисі облыстық білім басқармасының бастығы Марат АБУОВКЕ хабарласқанда, бұл жайт жөнінде нақты жауап болатындығын айтқан болатын. Бірақ жарияланған уақытта ол тараптан жауап болмады.
Ал сенделген мектеп қызметкерлері ақиқаттың орын алатынына сенімді және сол үшін күресуді жалғастыра беретінін айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА