Атырау, 10 қараша 21:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

«Фламингоның» асуы

5 861 просмотра

Жексенбі күні облыстық драма театр ғимаратында «Фламинго» би ұжымының
бірінші есеп беру концерті үлкен қошеметпен өтті.

БАЛАЛАР ВАЛЬСІ
Бірнеше жылдан бері бимен шұғылданып жүрген, атыраулықтарға жақсы таныс ересек құраммен қатар үлкен сахнаға алғаш рет жас биші қыздар да шықты, олардың ең кішкентайының жасы небары 3-те. Жастарына қарамай, биші қыздардың өздерінің қойылымдарына үлкен жауапкершілікпен қарағандары байқалып тұрды. Қыздардың аппақ киімге орана билеген нәзік вальсі әлі де ебедейсіздеу бала қимылдарды синхронды қалыпқа келтіру үшін бишілер мен олардың жетекшілерінің қанша тер төккенін түсінетін көрерменді елжіретіп жіберсе, екпінді джайв толассыз қошеметке бөледі.
Ұжымның достары - әншілер Shine мен Элла КУРТИЕВА,  саксофоншы РАФАЭЛЬ, скрипкашы Нұрсұлтан МЕДЕТОВ, биші Дәурен СЕЙІТҚАЛИЕВ, «Эдем» би тобы мен жүргізуші Юлия ҚҰРМАҚАЕВАНЫҢ арқасында залда керемет үйлесім орнады.

ПЕДАГОГТАРҒА МАҚТАУ
«Фламинго» - бүгінгі таңда 50 адамнан астам айналысатын би мектебі. Бұл кәсіби топ (Нұрлан Жалғаспаев, Әйгерім Сұңғат, Салтанат Елеусінова, Альбина Ұзақбаева, Галина Данилова, Нұргүл Шманова, Марина Романова); кіші топ (3 пен 8 жас аралығындағы 30 қыз бала); әуесқой топ (Инна Такорьян, Динара Ысмағұлова, Динара Әміржанова, Арай Досқалиева, Ғалия Қуанышева және өзгелер). Жобаның қозғаушы күші Венера МАНАСОВА – ұжымның жетекшісі, хореограф әрі костюмдердің дизайнері. Кәсіби бимен Венера 18 жыл бұрын айналыса бастады, оның ең бірінші ұстазы – облысымызға танымал хореограф Светлана КАРАКУЛИНА. Талантты және талапшыл ұстаз кәсіпқойларға қажет ең басты қасиеттер: тәртіп пен әрбір қимылды ең жоғары шегіне жеткізу үшін тынбай еңбектенуді бойларына сіңіре отырып, бишілердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Венераға сабақ алған екінші ұстазы Гүлсина БАЙКЕНОВАНЫҢ да классикалық балет мектебі де үлкен әсер етті. Байкеновтердің балет студиясы құрамында Венера Дубайда өткен халық шығармашылығының Бүкіләлемдік фестивалінде қазақ ұлттық мәдениетінің елшісі ретінде өнер көрсетті. Өз ұстаздарын үлгі тұтатын Венера ұжымның жетістіктерін жұртшылыққа таныстыру мақсатында осы есеп беру концертін ұйымдастырды.

ФЛАМИНГО ҰЯСЫНЫҢ БАЛАПАНДАРЫ
Ал осының бәрі бірнеше жыл қатарынан халықаралық және республикалық конкурстарда сәтті өнер көрсетіп жүрген «Фламинго» би дуэтінен (Венера Манасова және Нұрлан Жалғаспаев) басталған еді. Нұрлан да көпшілікке жақсы танымал, ол Асылай АҚБЕРГЕНОВАНЫҢ тұрақты жұбы болды, олар арбада отырып билеуден Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпаздары атанды (қазір ол Ақтауда өзінің жеке би мектебіне жетекшілік етеді).
Бойына сенімділігін жинай отырып, Венера өз ұжымын қалыптастырды. Бірте-бірте шоу-балет талантты бишілерді қатарына қоса бастады, ал бір жыл бұрын кіші би тобы ашылды. «Фламинго» шоу-балетінің репертуары эстрадалық билерге өте бай, олардың көпшілігін залдағы көрермен тамашалай алды: көзді баурайтын танго, құштарлыққа толы испан биі, сезімтал шығыс биі, «Чикаго» мюзикліндегі «Түрме тангосы». Сахнада алғаш рет Венераның модерн стиліндегі ең сүйікті билерінің бірі, қойылуы және костюмдері жөнінде Гүлсина Байкенова көмек көрсеткен «От пен суы» орындалды. Элла Куртиева орындаған «Сын луны» операсындағы вальс қойылымын жас хореограф өзінің шығармашылық табысы деп санайды. Рафаэльдің орындауындағы «Lily Was Here» композияциясына қойылған Венера мен Нұрланның дуэті көрерменді ерекше бимен тамсандырып тастады.
Бишілер бидің дүниеге келуін алдын ала бағдарлап қою мүмкін емес, әуенді сезініп, оның бойынан би қимылдарын көру үшін дүниеге сол қабілетпен келу керек, деп сенеді. Венера осы қасиеттерді бойына сіңірген.
- Би қимылдары өзінен-өзі туындайды - әуен қосылса болды, мен оның бейнесін, бишілердің сахнадағы орындарын көремін, - дейді ол.
Бұл жерде бишілердің керемет киімдерін де атап өткен жөн. Бразилиялық карнавалдың шырқ үйіретін қасиетін, испандық костюмдердің жалын шашқан орамаларын, джайвтың алуан түрлілігін түрлі-түсті бояулар, мамық жүндер мен көздің жауын алатын жылтырақтар анық байқатқандай, кенеттен бәрі өзгеріп сала берді: етегі жер сызған әсем көйлек киген ханымдар вальс ырғағына шырқ айналып жүре берді...

«БҰЛ – ТАБЫС»
- Бұл Венераның үлкен ұжымның жетекшісі ретіндегі бірінші қойылымы және ол өте сәтті өтті, - деп өз әсерімен бөлісті Гүлсина Байкенова. – Сахнаға бимен айналысқандарына бір ғана жыл болған кішкентай балаларды шығару үлкен еңбекті талап етеді. Шоу-балеттің шығармашылық өсуі де байқалды: Венера мен Нұрланның өз мансаптарын жаңа ғана бастаған кездері есімде, олардың тек бірнеше биі болатын, ал жылдар өткен сайын олардың репертуарлары байып келеді. Сонымен бірге ерекше костюмдері мен музыкалық материалдың таңдалуына тоқталғым келеді. Біздің қаламызда кең әрі жақсы жабдықталған би залының болмауы, ұжым бишілерінің тез ауысып кететіндігі сияқты қиыншылықтарға қарамастан, шығармашылықпен айналысып жүрген жастардың бар екеніне қатты қуаныштымын.
Концерт аяқталды, ал «Фламингоның» би әлеміндегі қанаты қатая түсті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.