
"АЖ" редакциясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен өз сауалдарына жауап алды, алайда бұл жауапты нақты түсініктеме емес, жай ғана сырғытпа жауап деуге болады.
Бұған дейін редакция Атырау облысындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне осыған ұқсас сауалдар жолдаған еді. Оған жауап алынғанымен, департамент ақпаратты жариялауға шектеу қойып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сілтеме жасады. Осыған байланысты, департаменттің баспасөз қызметінің кеңесі бойынша, редакция өз сұрақтарын тікелей республикалық Антикорға қайта жолдады.
Еске салайық, 15 сәуір күні Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Белгілі болғандай, бұл процесс бөлім басшысы Мереке Зинуллиннің қызметіне қатысты жүргізілген. «АЖ»-ға жеткен мәліметке сәйкес, тінту пәтерді иеліктен шығару ісіне байланысты болып, тергеу барысында кейбір құжаттар тәркіленген.
Біз агенттік пен департаментке мынадай сұрақтармен ресми сауал жолдадық:
1. Аталған лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді ме?
2. Егер тіркелсе, Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша жүргізілуде?
3. Тінту қай күні және қай жерде өткізілді? Тінту 15 сәуірде жүргізілгені рас па?
4. Тінту кезінде қандай құжаттар немесе заттар тәркіленді (егер тергеу мүддесіне қайшы болмаса)?
5. Келтірілген залал мөлшері немесе жәбірленушілер туралы мәлімет бар ма?
6. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды ма?
Біздің ешбір сұрағымызға жауап берілмеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Асхат ЖАҚЫПБЕКОВ «АЖ» сауалына төмендегідей жауап берді:
– Агенттіктің сотқа дейінгі тергеп-тексерулеріне қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға болатын ақпарат Агенттіктің Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарында, «YouTube» бейнехостингінде және «ANTIKOR» Telegram-арнасында жарияланады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Дәл осындай мазмұндағы жауап облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінен де келді – олар да ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасап, нақты ақпарат беруден бас тартты. Осылайша, тергеудің тіркелген-тіркелмегені, қай баппен қозғалғаны, тінту жүргізілгені немесе қандай құжаттар тәркіленгені туралы ресми түсініктеме берілген жоқ.
Бұл жағдайда қоғамда орынды сұрақ туындайды: егер қылмыстық іс тіркелмеген болса, онда тінту қандай негізде жүргізілді?
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -8