Атырау, 21 мамыр 09:25
 ашықВ Атырау +22
$ 511.59
€ 575.28
₽ 6.33

Шенеуніктер дүрлікті: Атырау ТКШ бөліміне тінту жүргізілді

1 123 просмотра
ChatGPT жасаған сурет

«АЖ» редакциясына 15 сәуірде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде оның басшысы Мереке Зинуллиннің қызметіне байланысты тінту жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Бізге жеткен мәлімет бойынша, тінту пәтерді иеліктен шығару ісіне қатысты. Тергеу барысында құжаттар тәркіленген.

Қылмыстық кодекстің нақты қандай бабы бойынша айып тағылуда, нақты қандай дерек бойынша іс қозғалып отыр және келтірілген шығын немесе залал қандай? «АЖ» осы сауалдарды қойған еді, алайда қазіргі уақытта жауапсыз қалып отыр.

Зинуллиннің өзімен хабарласа алмадық. Қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген әкімдік бұл фактіге қатысты түсініктеме бермейтінін хабарлады. Олар да Зинуллиннің қазір қайда екеніне айтпады, бірақ біздегі мәлімет бойынша сырқатына байланысты жұмыста жоқ.

Тінту жүргізілген күні, яғни 15 сәуірде біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Атырау облысы бойынша департаментіне ресми сауал жолдадық. Департамент басшысының орынбасары Камал Қабылбеков біз қойған сауалдардың ешқайсысына жауап бермеді. Қылмыстық іс қозғалғаны және тінту фактісі туралы ақпаратты департамент растаған да, жоққа да шығарған жоқ. Ресми жауапта мыналар айтылады:

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мәліметтері жария етуге жатпайды», - делінген Камал Қабылбековтың қолы қойылған хатта.

Мереке Зинуллин қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы болып өткен жылдың маусым айында тағайындалған болатын.

Келесі шілде айынан бастап Қожақаев көшесі, 1 және Достық көшесі, 12 үйлеріндегі апатты жағдайдағы тұрғын үйлерден 32 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, қоныс тойларымен құттықтады. Бұрын сол адамдар тұрған, 1960 жылы салынған екі қабатты үйлер қауіпті деп танылды. Пәтерлер оларға қала бюджетінен бөлінген қаржыға сатып алынған «Самал» ықшамауданындағы Samal Town тұрғын үй кешенінен берілді.

38 жастағы Атырау қаласының тумасы М.Зинуллин қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тағайындалғанға дейін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі құрылыс басқармасының Атырау облысы бойынша аймақтық бөлімшесінде жетекші маман болып қызмет атқарған.

Еңбек жолын 2008 жылы бастаған, 2011 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы, Жылыой ауданы Құлсары қаласы әкімінің орынбасары, аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

Үш жоғары білімі бар. 2008 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы осы институтта «Пайдалы қазбаларды барлау және геология» мамандығы бойынша білім алған. 2013 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Айнұр САПАРОВА

18 сәуір, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.