
Бүгін, 21 сәуір күні таңертең «Кәсіби таңдау» ЖШС қойма қызметкерлері жалақыларын 50%-ға көтеру талабымен шықты. Оларға көлік департаментінің қызметкерлері қосылып, жалақыларын 100 пайызға көтеруді талап етті.
«Кәсіби таңдау» ЖШС - «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС (әрі қарай - COCR) мердігері. Ал COCR – ТШО мердігері.
«АЖ» анықтамасы: COCR – Теңіз кен орнында тасымалдау қызметтерін көрсететін ТШО-ның мердігер ұйымы. «Кәсібі Таңдау» ұлттық компаниялардың қызметкерлерін қоспағанда, кадрлармен қамтамасыз ететін COCR қосалқы мердігер компаниясы. «Кәсібі таңдау» компаниясы 2021 жылы тіркелген, соңғы қайта тіркеу 2025 жылдың 15 сәуірінде жүзеге асқан.
17 сәуірде ТШО көлік департаментінің қызметкерлері ТШО бас директоры Уильям Лакобиға, СОСR бас директоры Аджай Майкқа және «Кәсіби таңдау» ЖШС басшысы Айнұр Смитке жалақыны көтеру туралы жазбаша өтініш жолдаған. Олар инфляция, бағаның өсуі және ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты қазіргі жалақылары өмір сұру қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмай отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, олар жалақыны көтеру еңбек өнімділігі мен жауапкершілікті арттыруға ықпал ететінін мәлімдеді. Қызметкерлер үш жұмыс күн ішінде ресми жауап беруді талап еткен.
Ал бүгін, 21 сәуірде жұмысшылар өз талаптарын ауызша қайталап, бейнеүндеу түсірген. Қойма және жүк тиеу қызметінің қызметкерлері адал әрі тұрақты жұмыс істейтіндерін баса айтып, жалақыны 50 пайызға көтеруді сұрап отыр. Олар «Кәсіби таңдау» компаниясынан шағымданғаннан кейін өздерін қудалаумауды сұрайды. Inbusiness.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, ұжымдық үндеуге 140-тан астам адам қол қойған.
Қазіргі уақытта өндіріс жалғасуда және тоқтатылған жоқ.
Еске салайық, Атырауда 8 қаңтарда COCR мердігер компаниясының бірнеше ондаған қызметкері «Теңізшевройл» ЖШС-нің (ТШО) бас кеңсесіне компания басшылығының үстінен шағымданып келген болатын. Сол кезде олар басшылықтың шығындарды азайту мақсатында деген желеумен кейбір қызметкерлерді жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. Сол кездесуде ТШО өкілдері қызметкерлердің арыз-шағымдарын тыңдады.
Атап айтқанда, қызметкерлер келесі талаптарды қойды:
- ТОО Caspian Offshore Construction Realty және ТОО «Кәсіби таңдау» басшылығының әрекеттерін еңбек қатынастарындағы қудалау ретінде тануды;
- қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы бұйрықтардың күшін жоюды;
- жұмыстан шығарылғандарды өз орындарына қайтаруды;
- мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған кезең үшін жалақы төлеуді;
- моральдық зиянды өтеуді.
2024 жылдың 31 желтоқсанында жұмысшылар вахтадағы тұрмыстық жағдайларын жақсартуды талап еткен.
Біз ТШО, СОСR және «Кәсібі таңдау» ЖШС басшылығына, сондай-ақ еңбек инспекциясына жағдайға түсініктеме беруді сұрап, ресми сауалдар жолдадық.
ТШО-ға жолдаған сауалымызға төмендегідей ресми жауап алдық:
«Теңізшевройл» (ТШО) ТШО мердігері COC Realty компаниясының қосалқы мердігері «Кәсіби таңдау» компаниясы қызметкерлерінің алаңдаушылықтары туралы хабардар. ТШО мердігерлері тәуелсіз заңды тұлғалар болғандықтан, осы мәселеге қатысты барлық сұрақты «Кәсіби таңдау» компаниясына жолдаған жөн. ТШО өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады».
Жарияланған уақытта СОСR және «Кәсіби таңдау» компанияларынан жауаптар келмеді. Еңбек инспекциясы қазіргі уақытта Теңіз кен орнында келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл талаптардың немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Кәсіподақтар өкілдері тәжірибеге сүйене отырып, мұндай жағдайлар көбінесе ереуілге немесе жаппай жұмыстан шығару әрекеттеріне әкелуі мүмкін екенін айтады. Біздің дереккөздердің айтуынша, қазір қызметкерлермен келіссөздер жүріп жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеров оқиға орнына аттанған. Тәртіпті полиция қадағалап отыр. Қойылған талаптардың нәтижесінде бүгін жұмыссыз күн болды.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -3