Атырау, 5 желтоқсан 07:31
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​38 қатысушы Халықаралық баян-аккордеон байқауында бақ сынамақ

548 рет қаралды
Ашық дереккөзден алынған сурет

17-19 сәуір аралығында Атырау қаласында Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Еуразия кубогы» III – Халықаралық баян-аккордеон аспаптарында орындаушылар байқауы өтеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Конкурстың басты мақсаты – жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, кәсіби шеберлігін шыңдау, орындаушылық мәдениетін көтеру, сондай-ақ баян мен аккордеон өнерін кеңінен насихаттау.

Музыкалық додада «Жеке орындау» және «Ансамбльдік орындау» аталымдары бойынша арнаулы орта және жоғары оқу орындарының 38 қатысушысы бақ сынайды. Атап айтқанда, 31 жеке орындаушы және 7 ансамбль ұжымы өз өнерін ортаға салады.

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның басшысы Бақытбек Сартбаевтың сөзінше, халықаралық мәртебеге ие бұл байқау алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылса, екінші рет 2019 жылы өтті. Биыл үшінші мәрте өткелі тұрған байқау бұрынғыдан да ауқымды және кәсіби деңгейде ұйымдастырылып отыр.

- «Еуразия кубогы» халықаралық байқауы біздің өңір ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды мәдени оқиғаға айналып отыр. Бұл байқау жас музыканттардың кәсіби деңгейде өсуіне, халықаралық аренада танылуына үлкен мүмкіндік береді. Баян мен аккордеон өнері – терең тарихы бар, өзіндік үнімен ерекшеленетін жанр. Осы байқау арқылы біз сол өнердің жандануына, дамуына нақты үлес қосып келеміз. Алдағы уақытта да бұл дәстүрлі шара жалғасын тауып, жаңа биіктерге көтеріледі деп сенеміз, - деді Б.Сартбаев.

Байқаудың әділқазылар алқасын белгілі музыканттар мен халықаралық дәрежедегі мамандар құрайды. Олардың қатарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Анатолий Гайсин, Италиядан келген Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини, Татарстан мен Ресейдің өнер қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның танымал музыканттары бар.

Айта кетейік, іс-шара аясында 19 сәуір күні ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ерболат Камалиденовтың авторлығымен жарық көрген «Баянға арналған хрестоматия» кітабының тұсаукесері өтеді.

17 сәуір, 09:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.