Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарында энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын қаулыға қол қойылды. Бұл жөнінде бүгін баспасөз мәслихатында еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Тәтті газдалған және энертегикалық сусындардың денсаулыққа зияны бойынша үшінші орында. Біз қазіргі таңда тәтті газдалған сусындарды мектептерде сатуға шектеу қойдық. Екіншіден, энергетикалық сусындарды колледж және жоғары оқу орындарында сатуға шектеу қойдық», - деді баспасөз мәслихатында Ж.Бекшин.
Оның айтуынша, құрамында алкоголі аз энергетикалық сусындарға да көңіл бөлінуде. Министрлік ауқымды мәдени шараларды өткізген кезде алкоголі аз энергетикалық және энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салып отыр.
«Сондай-ақ біз сергітетін компоненттердің мөлшеріне де шектеу қойып жатырмыз. Алкоголсіз сергітетін сусындарда компонент екеуден, алкоголі аз сусындарда біреуден аспау керек. Ал кофеин концентрациясы 400 миллиграммнан артылмау қажет», - деп отыр министрлік өкілі.
Мұнымен қатар, министрлік құрамында синтетикалық кофеин бар сусындарды сатуға да шектеу қойып отыр.
Дереккөз: bnews.kz