Теңіз мұнайын қарқынды өндіруден денсаулықтары зардап шеккен жылыойлықтардың көп жылғы өтініштері енді жүзеге аспақ. «ТШО» ЖШС көгалдандыру науқанының басталуы туралы мәлімдеді. Әзірге, тек Құлсары қаласында ғана.
«Теңізшевройлдың» 2013 жылғы 16 тамыздағы баспасөз бетшесінде хабарланғандай, 2 мың шыбықты отырғызу басталды. Компанияның бас директоры Тим МИЛЛЕР атап өткендей, бұл үлкен жобаның басы ғана, ал болашақта «Құлсары Қазақстанның ең жасыл қаласына айналуы керек».
ТШО баспасөз қызметінен қосымша алған ақпараттарымыз бойынша, қазір шыбықтар тек Құлсары қаласының 1 ықшамауданындағы жаңа «Достық» саябағына ғана отырғызылған. Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИННІҢ айтуынша, жоба екі жылға белгіленген. Ал шыбықтар неге ерте көктемде немесе қара күзде емес, жаз ортасында отырғызылып жатыр деген сұраққа Кейкин шыбықтар топырағымен бірге әкелінеді деп жауап берді.
Осы жоба мұнай алпауыты бюджетінің қандай тармағы аясында жүзеге асып жатқаны жөнінде ТШО хабарламады. Бұл, не де болса, $140 млн бюджеті бар табиғат қорғау шаралары бойынша шығындар бабы арқылы қолға алынған шығар. Естеріңізге салсақ, жуырда ҮЕҰ мүшелері мен жергілікті ақсақалдар осы бап бойынша қаражаттың көп бөлігін компания өндірістік мақсатта жұмсайды деп наразылық білдірген болатын.
ТШО ақпараттары бойынша, «Игілік» бағдарламасы аясында 2013 жылға бөлінген $25 млн-ның негізгі бөлігі Атырау және Жылыой аудандарында мектептер мен балабақша салуға бағытталады. Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы бойынша тағы $1,3 млн Атырау облысындағы денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттыруға жұмсалады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА