Атырау, 11 сәуір 1828
 ашықВ Атырау +4
$ 515.18
€ 570.66
₽ 6.06

​Атырау облысы бойынша 650 мопед тіркелді

566 просмотра

5 сәуірге дейін Атырау облысы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 650 мопед тіркелді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

2025 жылдың 5 сәуірі мопедтерді тіркеудің соңғы күні болып белгіленген. Енді тіркеліп үлгермеген азаматтарға жолда жүруге тыйым салынады.

- 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Бұл ретте мопедтерді тек «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Тіркелмеген немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндеген азаматтарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады, - деді Атырау облысы ПД ӘПБ Процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов.

Полиция департаменті алдағы уақытта облыс аумағында рейдтік тексерістер ұйымдастырылып, тіркеусіз жүрген мопедтерге шара қолданылатынын атап өтті.  

Көлік құралын жүргізу куәлігі жоқ күйінде тізгіндесе 92300 теңге, мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісі жоқ болса 18 460 теңге айыппұл салынады.

Былтыр өңірде мопедтер мен скутерлердің қатысуымен 147 жол көлік оқиғасы тіркелсе, жыл басталғалы 15 жол көлік оқиғасы болып, салдарынан 5 адам дене жарақатын алған. «Мопедтерді міндетті тіркеу осы қайғылы статистиканы азайтуға сеп болары сөзсіз» дейді құқық қорғаушылар.

7 сәуір, 17:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16