
Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ машина жасаушылар кәсіподақ ұйымының шағымын қарамай, заңды бұзған. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осындай қорытындыға келді.
Белгілі болғандай, шешім 3 сәуірде шығарылған. Сондай-ақ, сот әкімге шағымды он жұмыс күні ішінде мәні бойынша қарауды міндеттеді.
Бұл 2023 жылдың күзінде «KazGlobalSolution» ЖШС жүргізушісі М.ТАСТЕМІРОВТІ жұмыстан шығаруға байланысты іс. Кәсіподақ «сынақ мерзімінен өтпегені үшін» жұмыстан шығару заңсыз екенін айтып, қызметкерді жұмысқа қайта алуды талап етті. Еңбек инспекциясына жүгінгеннен нәтиже шықпаған.
2023 жылдың 7 желтоқсанында кәсіподақ ұйымы облыстық еңбек инспекциясына жоспардан тыс тексеру жүргізуді және жұмыс берушіден қызметкерді жұмысқа қайта алуды міндеттеуді, сондай-ақ бұзушылықтар үшін жұмыс берушіні жауапкершілікке тартуды және кәсіподақ өкілінің өтінішті қарауына мүмкіндік беруді талап етіп, шағым түсірді.
27 желтоқсанда инспекция сенімхаттың жоқтығын айтып, қатысудан бас тартты. Келесі күні, яғни 28 желтоқсанда кәсіподақ облыс әкіміне арыз жолдағанымен, ол қараусыз қайта инспекцияға жолданған.
Нәтижесінде 2024 жылдың 29 қаңтарында инспекция шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
Сот әкімнің шағымды жоғары тұрған орган ретінде жеке өзі қарауға міндетті екенін, бірақ олай етпей, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) нормаларын бұзғанын анықтады. Жоғарғы сот бұған дейін әкімге қойылған талаптарға қатысты талап арызды қайтаруды негізсіз деп тауып, азаматтардың құқығын бұзған мемлекеттік органның әрекетсіздігі сотта қаралатынын баса айтқан болатын.
Іс материалдарына сәйкес, М.Тастеміров 2023 жылдың 24 шілдесінде «KazGlobalSolution» ЖШС-не автобус жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. 4 қазанда оған тәртіптік сөгіс берген, ал 1 қарашада сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты еңбек шарты бұзылған.
ӘРПК-нің 91-бабына сәйкес, әкім шағым бойынша қанағаттандырудан бас тартуға дейін шешім қабылдауға міндетті болды. Алайда, ешқандай процессуалдық әрекеттер жасалмаған, бұл әкімшілік процестің нормаларын да, қағидаттарын да бұзады.
Сондай-ақ, сот ӘРПК-нің 129-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әрекеттердің заңдылығын дәлелдеу міндеті жауапкерге, бұл жағдайда әкімге жүктелетінін еске салды. Әкім себепті дәлелдер келтірмеді, сөйтіп талапкердің уәждері негізді деп танылды.
Жоғарыда айтылғандай, сот әкімге 10 жұмыс күні ішінде заң бұзушылықты түзетіп, шағымды мәні бойынша қарауды міндеттеді. Сондай-ақ одан кәсіподақ пайдасына 200 мың теңге сот шығындары өндірілді.
Бұдан басқа, сот әкімге жіберілген заң бұзушылықтар туралы хабарлау және әрекет ету шараларын алу туралы жеке ұйғарым шығарды. Алынған шаралар туралы ақпарат бір ай ішінде сотқа жолдануға тиіс.
Айнұр САПАРОВА