
Тұрғындар жағалауға ескі орындықтардың орнатылғанын видеоға түсіріп алды: әкімдік мұны реставрация деп түсіндірді.
Атырауда қала тұрғындары жұмысшылардың ескі орындықтарды жағалауға орнатып жатқанын байқаған. Сол жерде түсірілген видео әлеуметтік желілерге тез тарап, қызу талқыға түсті. Желі қолданушылар ескі жиһазды жаңартпай, жай ғана орнына қайтарған деген болжам жасады.
Қалалық әкімдікте орындықтар мен қоқыс жәшіктері шынымен де жаңа еместігін, бірақ қайта қалпына келтіріліп жатқанын түсіндірді. Жұмысты «Арнаулы автобаза» кәсіпорны орындап жатыр екен.
– Көше жиһаздары қалпына келтірілуде: сырланып, босаған металл бөлшектер қайта дәнекерленуде. Осыдан кейін орындықтар бұрынғы орындарына қойылады, - деп хабарлады әкімдік.

Билік өкілдерінің айтуынша, осылайша жаңа өнімдерді сатып алмай-ақ, жоспарлы жаңартулар жүзеге асырылады.
Айнұр САПАРОВА