Атырау, 26 сәуір 0613
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 515.03
€ 584.82
₽ 6.24

Атырау облысында салықтан кім жалтарады және мұнымен қалай күресуде?

256 просмотра

Тұтынушылар ретінде біз күн сайын сауда жасаймыз және салық төлейміз. Алайда Kaspi қосымшасы арқылы жеке нөмірге ақша аудару кезінде салық төлеуден жалтарудың түрлі әдістері қолданылатыны жасырын емес. Көкөністерді, жемістерді, азық-түліктерді сатып алу немесе қызметтерді пайдалану кезінде кейбір кәсіпкер бізден түбіртек сұрамауды өтініп, ақшаны жеке шоттарына  аударуды ұсынады. Салық төлеуден жалтару көз алдымызда болып жатса да, біз бұған үйреніп қалдық.

Біз Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер органына ресми сауал жолдадық. Департамент басшысының орынбасары Әліби БАҚЫТЖАНОВТЫҢ атынан жауап хат келді.

Мигранттардың салық төлеуі қалай бақыланады?

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер органы мен облыстық полиция департаменті бірлесе отырып, тіркелген еңбек мигранттары туралы мәліметтерді жинақтайды; еңбек мигранттарын анықтап, оларды жеке табыс салығын төлеуге міндеттейтін заңдастыру шараларын жүргізеді; шетел азаматтарының кәсiпкерлiк қызметiн анықтау мақсатында базарларда, сауда орталықтарында, құрылыс алаңдарында және тамақ өнеркәсiбiнде рейдтер жүргiзедi.

Салық төлеуге міндетті шетел азаматтарының санаттары

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңның 17-бабына сәйкес,  Қазақстан Республикасындағы шетелдiктерге Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей негiзде салықтар мен алымдар салынады. Салық салу кезінде келесі факторлар ескеріледі:

- шетелдік ЕАЭО елдерінің азаматы ма;

- оның Қазақстанда тұрақты тұратын жері немесе тұруға рұқсаты бар ма.

Шетел азаматтары салық заңнамасын қаншалықты жиі бұзады?

Атырау облысында соңғы бір жылда шетел азаматтары арасында салық төлеуден жалтару бойынша 105 заң бұзушылық тіркелген.

Кәсіпкерлерге бақылау қалай жүзеге асырылады?

Салық кодексінің 94-бабына сәйкес, камералық тексеру жүргізіледі. Бұл бақылау салық есептілігінің, мемлекеттік органдар мен банктерден алынған мәліметтердің, сондай-ақ кәсіпкердің қызметі туралы ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.

Осыған сәйкес, төлемді жеке есепшоты арқылы қабылдайтын кәсіпкерлерге, онлайн саудамен айналысатын және әлеуметтік желілерде қызмет көрсететін кәсіпкерлерге камералдық тексерулер жүргізіледі. Салық есептілігі, салық объектілері және (немесе) салық салынуға тиесілі объектілер туралы басқа мемлекеттік органдардың деректері, салық төлеушінің қызметі туралы әртүрлі көздерден алынған мәліметтер, сондай-ақ банктік деректер тексеріледі.

Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы №323 бұйрығына сәйкес бұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлерге ресми хабарламалар жолданады.

Қанша салық бұзушылықтар анықталды?

2024 жылы Атырау облысында 35 633 хабарлама тіркелген. Бұл салық органдарының камералдық тексерулері кезінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар. Олардың басым бөлігі - кірісті төмендетіп көрсету деректері.

Салық төлеуден жалтаруға қатысты қанша азамат шағымданды?

2024 жылдан бастап азаматтардан 56 арыз-шағым түскен. Азаматтар e-Otinish жүйесі арқылы салық төлеуден жалтару деректері туралы хабарлай алады. Шағымдар ҚР ӘҚБтК-не сәйкес қаралып, Салық кодексінің негізінде шаралар алынады.

Айнұр САПАРОВА

7 сәуір, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.