
Қазақстанда су экологиясын сақтау мақсатында басталған «Таза су айдындары» республикалық акциясы Атырауда да жалғасуда.
Акция аясында Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының су айдындарында күнделікті талдау жұмыстары жүргізіліп, Жайық пен Қиғаш өзендері және Каспий теңізінің аумақтары иесіз қалған балық аулау құралдарынан тазартылуда.
Жайық-Каспий бассейні бойынша балық шаруашылығы инспекциясы хабарлағандай, акция басталғалы Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарынан 1 тонна 242 келі тұрмыстық қоқыс жиналған.
Су жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстарына ірі кәсіпорыннан еріктілер, тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілері де белсенді атсалысуда.
«Бұл – экологияға жанашырлық танытқан жұрттың ортақ ісі. Таза өзен – таза болашақтың кепілі», – дейді инспекцияның бас маманы Гүлнұр Әбдіғалиева.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті бекіткен «Таза су айдындары» Жайық-Каспий бассейнінде 20 наурыз бен 31 мамыр аралығында «Бекіре-2025» акциясымен қатарлас жүргізілуде.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді Балық шаруашылығы инспекциясы ұсынды