
Қазақстан Республикасында SAF (Sustainable Aviation Fuel) экологиялық таза авиаотын өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу үшін келісім жасалды. Құжатқа «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны), америкалық LanzaJet, Inc. және Қазақстанның жетекші агроөнеркәсіп холдингі «KazFoodProducts» ЖШС (KFP) өкілдері қол қойды, деп хабарлайды ҚМГ.
Өткен жылы ТЭН алдын ала әзірлеу кезеңі сәтті аяқталды. Енді негізгі ТЭН 2025 жылдың соңына дейін әзірленбек.
Жобаның жүзеге асырылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды транзит әлеуеті дамыған халықаралық авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында ерекше маңызға ие. Осы келісімге қол қоярдан бұрын, 2025 жылдың наурыз айында ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен LanzaJet компаниясының бас директоры Джимми Самарцис АҚШ-та кездесіп, SAF өндірісі саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Тараптар ТЭН әзірлеу процесі барысында жобаны жан-жақты талдап, оның ішінде өндіріс үшін қолайлы өңірді таңдау, өндіріс көлемін анықтау және инвестициялық шешім қабылдауға қажетті басқа да маңызды аспектілерді қарастыратын болады.
Әлемде SAF көмірқышқыл газ шығарындыларын азайту үшін Jet A-1 маркалы авиациялық отынға қоспа ретінде қолданылады. ҚазМұнайГаздың үш мұнай өңдеу зауыты Jet A-1 маркасы өндірісіне 2018 жылдан бері дайын. Авиациялық отынның қазіргі ТС-1 стандартынан Jet A-1 стандартына кезең-кезеңмен өту үшін әуежайлардың жанармай құю инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілмек.
Амбициялық жоба еліміздің Париж келісімінің аясындағы көміртегі бейтараптығына жетуге және халықаралық жетекші әуе тасымалдаушылары мен жүк тасушы компанияларды тартуға бірегей мүмкіндіктер ашады.
Анықтама:
SAF (Sustainable Aviation Fuel) — бұл ASTM International стандарттарына сәйкес жаңартылатын ресурстардан өндірілетін экологиялық таза авиаотын. Авиация саласының әлемдіқ көшбасшылары SAF технологиясын белсенді енгізуде. Атап айтқанда АҚШ 2050 жылға қарай SAF қолдануды 50% жеткізуді, ЕО 2025 жылдан бастап 2%-ды енгізіп, 2050 жылға қарай 63%-ға дейін арттыруды, ал Ұлыбритания 2030 жылға қарай 10%-ға жетуді мақсат еткен.
LanzaJet — этанолдан SAF отынын алудың сертификатталған технологиясымен («alcohol-to-jet») танымал. Компания әлемнің ең ірі All Nippon Airways, British Airways және Virgin Atlantic сынды авиакомпаниялармен SAF жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасасқан. LanzaJet-тің технологиясы кез-келген биологиялық немесе биологиялық емес шикізаттан алынған этанолда қолданылады, сондай-ақ парниктік газ шығарындысын едәуір азайтып (95%-ға дейін) және энергия тиімділігін арттырады.
«KazFoodProducts» (KFP) ЖШС — Қазақстанның ірі агрохолдингі, оның құрамына бидайдан биоэтанол өндіретін «BioOperations» ЖШС кіреді. Сондай-ақ, KFP компаниясы SAF өндірісі үшін қажетті биоэтанолдың тағы бір көзі болатын Qostanay Grain Industry зауыты (бидай өңдеудің жылдық қуаты — жылына 430 мың тонна) құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыруда.