
Атыраудағы қарапайым мектеп мұғалімі Майкл Джеффри бүгінде әлеуметтік желілерде нағыз жұлдызға айналды. Оның ерекшелігі – математика сабағынан тыс уақытта қолына домбыра алып, қазақтың күмбірлеген күйін шертетіні.
Майкл – Малавиден келген шетелдік азамат. Осыдан төрт жыл бұрын қазақ жеріне аяқ басқан ол қазір өзін атыраулық тұрғындай сезінеді. Бастапқыда тек математика пәнін оқытып жүрген Майкл уақыт өте келе қазақ мәдениетіне, әсіресе ұлттық музыкасына қызыға бастаған. Қазақ тілін үйренуге ден қойып, көп ұзамай домбыра тартуды қолға алады.
- «Домбырамен алғаш танысқанда-ақ жүрегім елжіреді. Қарапайым екі ішекпен соншама терең эмоцияны жеткізу – ғажап дүние. Бұл аспапта бір сиқыр бар», – дейді Майкл.
Алты ай бұрын Майкл домбыра сабағын белгілі ұстаз Ләйлім Бекзатованың жетекшілігімен бастайды. Бүгінде ол «Еркесылқым», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Ертуған» сынды халық сүйіп тыңдайтын күйлерді меңгерген. Қазір бесінші күйді үйрену үстінде.

- «Жаңа мәдениетті танып-білу – мен үшін өмірдің бір бөлігіне айналды. Домбыра тартқанда адамдардың жүзіндегі қуанышты көру мені шабыттандырады. Егер мен – шетел азаматы - қазақ мәдениетін қабылдай алсам, онда жергілікті халық оны болашақ ұрпаққа аманаттап жеткізе алады деп сенемін», – дейді Майкл.
Мектепішілік іс-шараларда күй орындап, әріптестері мен оқушыларының ыстық ықыласына бөленген ол өнерін тек сахнада емес, күнделікті өмірде де танытып жүр. Домбыра тарту – оның айналасына қуаныш сыйлау жолы.
Майкл тек домбырамен шектелмей, болашақта гитара мен фортепианода ойнауды меңгергісі келеді. Ал бос уақытында футбол ойнап, кітап оқып, ән айтуды жақсы көреді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ