
«Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Атырау облысы аумағында киіктердің жағдайын тексеріп шықты. 2024 жылғы 27 наурыздағы мәлімет бойынша, Құрманғазы ауданында шамамен 67 000, Махамбет пен Индер аудандарында әрқайсында 10 000-нан киік тіркелген.
Киіктердің жағдайы «қалыпты» деп бағаланған. Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ризабек Дәулетов «АЖ» тілшісіне ресми жауапта мәлімдеді.
Алайда былтыр жыл соңында Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Азғыр өңірлерінде, сондай-ақ Асан, Ұштаған, Сүйіндік ауылдарында киіктердің қырылып жатқаны туралы хабар тарады. Шаруагерлер бұл жағдайға мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай шара қолданылмай отырғанына шағымданды.
«Киіктердің өлекселері сол жерде қалып қойды, тұрғындар оларды жинауға құқылы емес. Біз бұл мәселені жем-шөп тапшылығы кезінде де көтердік, алайда 2023 жылдан бері нақты әрекет жасалған жоқ», - делінген облыс әкімдігінің Telegram-арнасындағы хабарламада.
Киіктер қайдан келді?
Ризабек Дәулетовтің айтуынша, қыста қар қалың түскен кезде Орал популяциясына жататын киіктер Батыс Қазақстан облысынан Атырауға – Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарының құмды аймақтарына келіп, ақпанда кері қайтады.
Киіктерді браконьерліктен қорғау мақсатында инспекция, «Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалы, құқық қорғау органдары бірлесіп, күзет жұмыстарын жүргізіп отырады.
Инспекция дерегінше, 2023 жылы Орал популяциясындағы Батыс-Қазақстан облысы және Атырау облысы аумағындағы киіктердің саны 1 130 000 болған. 2024 жылдың сәуір айына қарай бұл көрсеткіш 1 620 000 басқа жеткен.
Дәулетов киіктердің санының көбеюіне олардың мекендейтін жері мен көші-қон жолдарын қорғап, киіктер мен оның дериваттарына қатысты заңсыз саудамен айналысуға жол бермеу, киіктерді заңсыз аулауға қарсы жұмыстар мен бақылау жүйесінің жақсаруы және заңсыз аң аулауға қарсы күрес заңнамасының қаталдығы әсер еткен деп санайды.
Киіктер неге қырылды?
2024 жылдың қазанында Құрманғазы ауданының Балқұдық, Сүйіндік және Азғыр ауылдық округтерінде киік өлекселері табылған. Бұл жағдай бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізілді.
Нәтижесінде 17 өлекседен сынама алынып, «пастереллез» ауруы расталған. Ал тағы былтыр қарашада Азғыр маңынан табылған 70 өлекседе оқ іздері немесе жарақат болмаған. Мамандар мұны күйек маусымындағы табиғи өлім деп бағалады.
Күйек (жұптасу маусымы) кезінде киіктер көп энергия жұмсайды, бұл олардың әлсіреуіне, стресс пен ауруға шалдығуына, табиғи өлімге себеп болады. Бұған ауа райының қолайсыздығы мен азықтың жетіспеушілігі де қосылуы мүмкін. Кейбір деректерге сәйкес, киіктердің аталықтары орташа 7 жыл, аналықтары 9 жыл өмір сүреді. Киіктердің күйек кезіндегі өлімі олардың табиғи мекендеген ортасына және жағдайларына байланысты.
Дәулетовтің айтуынша, барлық тіркелген қырылу деректері бойынша жұмыс тобы құрылып, киік өлекселері арнайы жерлерге жиналып, өртеу әдісімен жойылған.
Айнұр САПАРОВА