
Жыл сайын күн жылысымен көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлаған балалар туралы ақпарат жиілейді. Тіпті, түрлі жарақат алу, өлім деректері де тіркеліп жатады. Бұл мәселе Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында.
2025 жылдың басынан бері облыс аумағында балалардың терезеден құлауына байланысты жалғыз дерек тіркелген. 2024 жылы мұндай жайт 12 рет қайталанып, салдарынан екі бала жан тапсырды.
- Қайғылы жағдайлардың басты себебі – ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында Атырау облысының төтенше жағдайлар қызметкерлері ауқымды профилактикалық жұмыстар атқаруда. Қауіпсіздік шараларын насихаттау бағытында кинотеатрлар мен LED-экрандардан бейнероликтер жіберіліп, сауда үйлері мен жазғы балалар лагерьлерінде флешмобтар ұйымдастырылуда. Ата-аналар мен қамқоршылардан балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау сұралады. Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін,-деді Атырау облысы ТЖД басқарма бастығы подполковник Қымбат Копбаев.
2024 жылы демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топқа жататын 92 отбасының пәтерлеріне терезелердің толық ашылуын шектейтін қорғаныс бекітпелер орнатылды.
"Бұл бастама биыл да жалғасады" дейді төтеншеліктер. Ол үшін әлеуметтік осал топтағы отбасылардан Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш жазуы сұралады.