
«Айналайын» бөбөкжай балабақшасы Қазақтандағы алдыңғы қатарлы 100 балабақшаның санатына енген.
Индербор кенті «Шығыс» мөлтек ауданындағы білім бөліміне қарасты 190 орындық «Айналайын» бөбекжай балабақшасы пайдаланылуға берілгеніне жеті жыл өтсе де жөндеу жұмысынан көз ашпай отыр. Кенттегі екі қабатты замануи үлгідегі балабақша биыл да күрделі жөндеуге тұрмақшы.
190 орындық болғанымен 12 бала инклюзивті бағытта тәрбиленуде. Инклюзивті тобындағы денсаулығы дімкәс, даму мүмкіндігі шектеулі, яғни тіл кемістігі, аутизм балалармен логопед, дефектолог, психолог, т. б. арнайы мамандар жұмыс жасайды. Балабақша замануи үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, қажеттіліктің бәрі бар. Тәрбиешілердің балалармен жұмысы бір бөлек мадақтауға тұрарлық. Сол себептен бұл балабақшаға ата-аналар бүлдіршіндерін кенттен ғана емес, ауылдардан да күнделікті тасымалдап әкелуде. Аудандағы ең озық үлгідегі балабақшаға деген сұраныс күннен-күнге артып отыр. Алайда балабақша ғимаратының пайдаланылуға берілмей жатып жөндеуге қайта-қайта тұруы ата-аналардың орынды ренішін туғызып тұр. Республикадағы ең озық балабақшаның қазіргі күйін «АЖ» тілшісі өз көзімен көріп қайтты.
САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ СЕРГЕЛДЕҢІ
Балабақша құрылысын мердігер «Дияр и Компания» ЖШС (директоры Е. Аткиев) 2016 жылдың қыркүйегінде бастап,2017 жылдың тамыз айында бітірген. Бұған бюджеттен 558млн 568 мың теңге (ол жылдары бұл көп ақша) қаражатқа ғимарат құрылысын аяқтап, құрал-жабдықтармен жабдықтайды.

- 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бөбекжай балабақшасы пайдаланылуға берілді. Кіргенннен-ақ көргеніміз - жаңбырлы күндері шатырдан су ақты, жертөлеге су толды, терезелері ашылып жабылмайды оны скотчпен желімдедік, жылуы да мардымсыз. Балабақша салқын болды, дренаждың дұрыс салынбауынан балабақшаның артқы және алдыңғы бөлігі судан толып тұрды. Жазғы ойын алаңының жабдықталуы да сын көтермеді, сүргіленбеген, өңделмеген ағаштан, болмаса темірден жасалғандықтан балалар үшін өте қауіпті. Құмсауыттарының күннен қорғанатын қалқаншасы да жоқ. 2018 жылы сол кездегі аудан әкімі болған Серік АРЫСТАН мен оның орынбасары Мұқамбетқали АЛДЕРЗИНГЕ айттық,-дейді «Айналайын» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Света ЖАНҒАЛИ.
Кепілдік мерзімі бітпеген «Дияр и Компания» ЖШС осы олқылықтарды жөндеп берудің орнына, балабақшаға грунтовка мен бір жәшік көбік беріп жіберген.
Қауіпті болса да қызметкерлер шатырға өздері шығып, жарықтарды бітеген. Бірақ ол да мардымсыз болып шықты. Жылдың қай мезгілі болса да балабақша қызметкерлері өз күштерімен құлағанды сылап, қалпына келтіріп күн көрген.
2024 жылы ойын алаңын қайтадан жасақтауға 48 млн 720 мың теңге, ал шатыр, дренаж, т.б жұмыстарға 32 млн 640 мың теңге бөлініп, жөндеуден өткен.
ТАҒЫ ДА ЖӨНДЕУГЕ ТҰРМАҚШЫ
Бөлек орналасқан жылужай мен балабақшаға дейінгі жылу құбыры қақаған қаңтарда жарылған. Оны бір күнде жөндегенмен ыссы су құбырын істен шығарған. Балабақшада ыссы су жоқ.

Ғимараттың бір бөлігінің едені төмен түсіп кеткендіктен қабырға жарлары саусақ сиярлықтай жарылып кеткен. Еденнен плинтустар ажырап, үңірейіп тұр, кафелдер түсіп қалған. Балабақша ауласының сыртындағы төселген төсемтастар да қисайып едеуір бөлігі төмен түскен.
Ғимараттың кіреберісі, изолятор, медбике, екі группа бөлмелерінің едені де осындай күйде төмен түскен.
Меңгерушінің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Асылбек ҚҰСПАН күн ыссыда шатырдан ішке қара шайыр ағатынын айтты.
- Ғимараттың мұндай күйге түсу себебін біле алмаудамыз. Мамандар жарылған ішкі қабырғалар қауіпті емес, жөндеуге болады дейді. Апаттық жағдайда болғаннан кейін аудандық білім бөлімі басшысынан рұқсат алдым, бір группаны (25 бала) уақытша жабу жөнінде,-дейді С. Жанғали.
Тапсырысшы ретінде балабақшаның осы олқылықтарын жою үшін техникалық сараптама жасаттырып, ақаулық тізімдемесі жасақталуда екен. Биыл балабақшада төрт бөлменің едені мен қабырға жарларын қалыпқа келтіру, терезелердің резинкасын ауыстыру, жылу және ыссы су құбырын (котельный мен балабақшаға дейінгі) жөндеуден өткізу міндеті тұр. Бірақ оның қаржысы, мердігерді анықтау жұмыстары әлі анықталған жоқ.

Сапасыз құрылыстың салдарынан осындай күйге ұшырауы қалай, кезінде осындай олқылықты көре тұра қабылдап алған тапсырысшы облыстық құрылыс басқармасын ба, әлде әкімшілікті кіналаймыз ба?
Балабақшаның бағы осы жөндеу жұмысынан кейін бағы жанып кетсе, қанекей...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор