
Бейсенбі күні өтетін ОПЕК+ сегіз елінің өкілдерінің отырысында Қазақстанның белгіленген мұнай квотасынан асып кетуі және артық өндірудің орнын толтыру шаралары басты мәселе болмақ, деп хабарлайды Reuters ұйымдағы екі дереккөзге сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, Қазақстанда рекордтық жоғары мұнай өндіру альянстың басқа мүшелерінің, атап айтқанда, әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы Сауд Арабиясының наразылығын тудырды. Осыған байланысты ОПЕК+ Қазақстанды бұрынғы асыра өндірістің орнын толтыру үшін квоталарды қатаң сақтауға және өндірісті азайтуға шақырмақ.
«Ертеңгі кездесудің басты мақсаты – Қазақстанның жаңа энергетика министріне белгіленген квоталарды сақтаудың маңыздылығын және артық өндірісті өтеу қажеттілігін жеткізу», - деді аты-жөнін атамауды сұраған ОПЕК+ шенеуніктерінің бірі.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мен ОПЕК өкілдері бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Келісімдерге сәйкес, ОПЕК+ ұйымының сегіз елі (Ресей, Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт, Ирак, Алжир, Қазақстан және Оман) мамырдан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 135 мың баррельге ұлғайтуды жоспарлап отыр, бұл ретте бұрын енгізілген тәулігіне 2,2 миллион баррель шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастайды. Сонымен қатар, тәулігіне 3,65 миллион баррель деңгейіндегі басқа да қысқартулар келесі жылдың соңына дейін күшінде қалады.
Еске салайық, бұған дейін Ресей Қара теңіздегі терминал арқылы Қазақстан мұнайының экспортын шектеп, үш айлақтың екеуін жауып тастаған болатын, бұл жақын арада Қазақстанның өндіру көлемін айтарлықтай төмендетуі мүмкін.