
Перизат Қайраттың ісін тергеу барысында келтірілген шығын 3,5 млрд теңге сомасында анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты, деп жазады KAZINFORM.
— Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Қазіргі кезде материалдармен таныстыру процесі жүріп жатыр. Естеріңізде болса, қылмыстық істі тергеу барысында келтірілген шығын бойынша әртүрлі сома айтылған еді. Қазір 3,5 млрл теңге сомасындағы шығын анықталды, — деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, П. Қайраттың тәркіленген мүлкі зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеуге немесе мемлекеттің меншігіне өтеді. Соңғы шешімді сот шығарады деді ол.
Агенттік өкілінің айтуынша, күдікті Перизат жаңа оңалту орталығының құрылысына, су тасқынының зардаптарын жоюға, Палестинада зардап шеккендерге қаражат жинаған. Бұл 190-бап бойынша үш эпизод алаяқтық бойынша тексерілді, оларға қатысты тергеу аяқталды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатты активтерге біріктіру арқылы жасырған екі факті бар.
Сонымен қатар Ж. Елемесов аталған іс бойынша күдікке Перизаттың анасы да іліккенін нақтылады.
— Анасы үй қамақта. Екеуі де күдікті. Анасын да алаяқтық бабы мен қылмыстық жолмен тапқан ақшаны жылыстату бойынша тергелді. Ол қызына көмектесіп, түскен ақшаны өзінің есеп-шотына аударған. Кейін осы қаражатты банктен шешіп, үй мен көлік сатып алған. Гүл сататын дүкендерді алуға көмектескен, — деді агенттік төрағасының орынбасары.