
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов Аталған FlyArystan әуе компаниясының билет бағасын негізсіз көтергені анықталған жағдайда компанияға әкімшілік айыппұл салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
- Жуырда FlyArystan әуе компаниясына қатысты монополиялық жоғары баға мәселесі бойынша тергеу жүргізуді бастадық. Қазір тергеу жүріп жатыр, егер заңбұзушылық анықталса, тиісті шара қабылданады, - деді Болат Сәмбетов Сенат қабырғасында өткен іс-шарада.
Аталған компанияға қатысты тергеу бұған дейін де жүргізілгеніні атап өтті агенттік төрағасының орынбасары.
- Монополиялық жоғары баға дегеніміз – белгілі бір бағыт бойынша, мысалы, Алматы немесе Шымкентке билет бағасының басқа компанияларға қарағанда айтарлықтай жоғары болуы. Біз алдымен компанияның нарықта үстемдік ету факторын анықтаймыз, яғни оның әділ бәсекеге әсер ету мүмкіндігін бағалаймыз. Егер компания нарықта үстемдік етіп, негізсіз жоғары баға белгілегені анықталса, онда монополиялық жоғары баға болып саналады, - дейді ол.
Сондай-ақ агенттік өкілі заңбұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынатынын айтты.
- Айыппұл айналымның 5%-ын құрайды, сондай-ақ негізсіз баға айырмасы тәркіленеді. Сонымен қатар, компанияға бағаны төмендету туралы нұсқама беріледі, - деп толықтырды Б. Сәмбетов.