
27 наурызға қараған түні Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) аумағында өрт шығып, салдарынан зауыттың екі қызметкері термиялық күйік алды. Бұл туралы Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Өрт туралы хабар сағат 23:40-та түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына тез арада жетті. Қалалық өрт сөндіру бөлімшелерінің жалпы жиыны жарияланып, қосымша техника әкелінді.
«Алғаш келген «ПМХЗ» ЖШС өрт сөндіру күштері алау өртін ауыздықтап, технологиялық қондырғыларды салқындатты», - деп хабарлады ТЖД.
Өрт 00:40-та толығымен сөндірілді. Өрт 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті жоюға ТЖД қызметтері, ПМХЗ МГӨС және 103 қызметі қатысты, сонымен қатар өртті сөндіруге жедел топ жұмылдырылды.
Зауыттың 1982 және 1989 жылы туған екі қызметкері күйік алған. Олар медициналық мекемеге жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Ауруханаға жатқызу қажет болмады.
ТЖД хабарлауынша, кәсіпорындағы технологиялық үдеріс зардап шеккен жоқ, зауыт қалыпты жұмысын жалғастыруда. Өрттің шығу себебі анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.