
Шемонайха ауданы прокуратурасының тексеруі барысында ШҚО ҚАЖД №18 мекемесіндегі сотталғандарға медициналық қызмет көрсетудің негізсіз көбейтілгені анықталды.
2023 жылдың желтоқсанында хирургтың жоспарлы сапары барысында 15 адамды қабылдау жүргізілген, бірақ есептік құжаттарда 160 адамның қабылдауда болғаны көрсетілген. Осы негізде дәрігерге 214 мың теңге көлемінде жалақы есептелген. Алайда, бекітілген нормативке сәйкес, 15 адамды қабылдағаны үшін төленетін сома бар болғаны 15 252 теңгені құрауы керек еді.
Ұқсас заңбұзушылықтар дерматовенеролог, нарколог, невропатолог және психиатр дәрігерлердің қабылдауында да анықталды. Нәтижесінде, артық төленген қаражаттың жалпы көлемі 1,4 миллион теңгені құрады.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде, бюджетке заңсыз төленген қаражат қайтарылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.