Атырау, 31 наурыз 2031
 ашықВ Атырау +14
$ 503.42
€ 542.08
₽ 6.00

​Қазақстандықтар үшін Еуроодаққа визалық режимді жеңілдету ұсынылды ​

597 просмотра
Сурет: ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында тараптар қазақ-еуропалық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегін егжей-тегжейлі талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сұхбаттастар Самарқандта өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінің маңызын атап өтіп, өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын құптады.

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ көлік және логистика, маңызды шикізат, жасыл энергетика, цифрландыру, климаттың өзгеруі және тағы басқа салалардағы бірлескен жобаларды одан әрі тиімді жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту тұрғысынан М.Нұртілеу Таяу Шығыс пен Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін практикалық шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.

ҚР СІМ басшысы ЕО Жоғары өкілінің назарын Қазақстан азаматтары үшін Еуроодақ визалық режимді жеңілдету туралы келісімге қатысты Астана мен Брюссель арасындағы келіссөздерді жылдам бастаудың екі тарап үшін маңызды екеніне аударды.

Өз тарапынан К.Каллас ЕО-ның Қазақстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты тереңдетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бейілді екеніне сендірді. Ол Ашхабадта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» министрлік кездесуінің нәтижелері еуропалық тараппен жоғары бағаланып, бұл үдерісті ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында сұхбаттастар сындарлы диалогты жалғастыруға екіжақты қызығушылық танытты.

28 наурыз, 12:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16