
Батыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалы су қоймаларына жиналған тасқын суды өңірдегі көлдерге жіберуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында филиал директоры Рауан Хусаинов мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Пятимар қоймасынан Көшім өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдерге су жіберіліп жатыр. Жайық өзені арқылы Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің су қоймаларына секундына 17 текше метр су келуде. Жыл басынан бері Жайықтан суару-суландыру жүйесіне 57 млн текше метр су келді. Қажетті көлем жинағаннан кейін лимандар мен табиғи шабындықтарға су жіберу басталады.
10 наурыздан бері Үлкен Өзенге 18,9 млн текше метр тасқын су келді, ал Кіші Өзенге су ағыны көп болмады. Өзендерде орналасқан су қоймалары орта есеппен 67%-ға толды. Салыстыру үшін: 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде Үлкен және Кіші Өзендер арқылы 503 млн текше метр су келген болатын.
Шаған су қоймасы да транзит режимінде жұмыс істеп тұр. Нысан 65%-ға толы. Су тасқынының белсенді кезеңінен кейін нысан Орал қаласының саяжайларын, шаруа қожалықтары мен кәсіпорындарын сумен қамтамасыз ету үшін су жинау режиміне ауысады.
Қазіргі уақытта филиал облыстағы 3 су қоймасы мен 7 магистральдық каналды реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Биыл Үлкен Өзенде жалпы көлемі 28 млн текше метр болатын су қоймасын салу, Жәнібек суару-суландыру жүйесі мен Жайықбай суландыру каналын реконструкциялау басталады. Кіші Өзенде су қоймасын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған.
«Филиалда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, Ресей Федерациясының су қызметтерімен және жергілікті, мемлекеттік, уәкілетті органдарымен тұрақты ақпарат алмасып отырмыз. Көктемгі су тасқынын филиалға қарасты гидротехникалық құрылыстары арқылы қауіпсіз өткізу үшін инертті материалдар қоры дайындалды, жерқазу-құрылыс техникасы бар жылжымалы бригада жасақталды»,- деді Батыс Қазақстан облысының «Қазсушар» филиалының директоры Рауан Хусаинов.
Еске салсақ, осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауапты басшыларға тасқын суын айдындарға жіберу бойынша жұмысты қамтамасыз етуді тапсырған болатын.