
Желіде никаб киіп, бетін тұмшалаған бірнеше адамның суреті тарады. Олар Сауд Арабиясы туының элементтері бейнеленген Қазақстан туын ұстап тұр.
Сурет Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз айдынында түсірілген болуы мүмкін. Атырау облыстық полиция департаменті бұл деректің мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
ҚР заңнамасына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қылмыстық кодекстің 372-бабында бұл әрекет үшін үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Әлеуметтік желіде таралған суретке қатысты мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Суреттегі төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды, деп хабарлады ПД.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет әлеуметтік желіден